Жетісулықтар Маңғыстау облысына да көмек қолын созып жатыр
Алматы облысында жыл басынан бері үш мыңнан астам қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған. Игі шараның нәтижесінде 16 мыңнан астам көпбалалы отбасына көмек көрсетілді. Мұның барлығы «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. 2020 жылдың соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер марафоны» жобасы қолға алынып, кең көлемде түрлі шаралар ұйымдастырылатынын айтқан еді. Содан бері Жетісу жерінде ұлттық жоба әлі жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін облыста мұқтаж отбасыларды әлеуметтік қолдау бойынша 1652 қайырымдылық науқаны, 1272 экологиялық акция ұйымдастырылған. Оның сыртында жүзге жуық жануарларға көмек көрсетіліп және оларды қорғауға бағытталған шаралар өткізілді. Ізгі іске қоғамның әр саласында жұмыс істеп жүрген жандар атсалысқан.
Ұзақ жыл еңбек етсе де баспанаға қол жеткізе алмаған жанның бірі – Дүмшебаевтар отбасы. Отағасы Мұхтар жеке шаруашылықта жарты ғұмырын өткізсе де мардымсыз жалақы баспана сатып алуға мүмкіндік бермеген. Президенттің жобасын қолдаған Балқаш ауданының кәсіпкерлері қарапайым шаруа адамына су жаңа баспана сатып әперді.
«Өңіріміздегі мәрт азаматтардың арқасында үйлі болдық. Ұзақ уақыттан бері орындалмай келе жатқан арманымыз еді. Бір шаруашылықта 20 жыл еңбек еттім. Қарапайым шаруа адамымын. Осы кезге дейінгі еңбек ақталды. Қайырымдылықтың қайыры бізге де тиді. Отбасымызбен қуаныштымыз. Барша қол ұшын созған азаматтарға алғысымды білдіремін», - дейді балқаштық тұрғын Мұхтар Дүмшебаев.
Жомарт жандардың қайырымды істерінің нәтижесінде аз қамтылған отбасыларға және жалғызбасты қарттарға түрлі деңгейде көмек көрсетіліп, әлеуметтік жағдайы төмен 89 отбасы баспаналы болды. Алматы облысының жомарт жандары тек өңір халқына көмек көрсетіп қана қоймай, Маңғыстау облысына да көмек қолын созып жатыр. Қуаңшылықтан шөп шықпай малдардың қырылуына байланысты да акциялар өткізіп келеді. Тіптен жас жігіттер ондаған тонна шөптң қолмен шауып, малы аштықтан қырылып жатқан Маңғыстау облысына жіберді. Жалпы, Жетісу өңірінен 146 тонна жем-шөп жиналған. Аптап ыстықта малға азық таппай қиналған халыққа қаржылай да көмек көрсетілді. Қуаңшылықтан қолдағы малы қырылып жатқан аймақ тұрғындарына 73 тоннадан астам шөп, 73 тонна жем тегін таратылған.
Алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған кәсіпкер Алмасбек Садырбаев көктемнен бері дамыл көрмей, достарымен бірге «Маңғыстауға көмек» қорын ашқан. Аз уақыттың ішінде қорға мал азығын сатып алу үшін 7 млн теңгеден астам қаражат жиналыпты. Мейірімді жандардың маңғыстаулықтарға деп аударған ақшасына 60 тонна шөп, 68 тонна бидай сатып алынған.
«Батыстағы бауырларымыздың қиын жағдайын естіп, бірден көмек беруге кірістік. «Шопан ата» қауымдастығының қайырымдылық қорына және менің жеке шотыма әлі қаражат жинап жатырмыз. Бүгінгі күнде жиналған қаражаттың барлығына тиісті жем-шөп алынды. Мал азығы батыста құрылған 6 кооперативке жеткізіледі. Биылғы құрғақшылық батыстағы шаруаларды әбден қыспаққа алып отыр. Малға беретін жем-шөптің жоқтығын айтып халықтан көмек сұраған шаруалардың назын Жетісу халқы назарсыз қалдырмады», - деді қайырымдылық шарасын ұйымдастырып жүрген Алмасбек Садырбаев.
Сарқан және Еңбекшіқазақ ауданының жанашыр жастары да өз қолдарымен шапқан шөпті батыстықтарға жіберген. Сарқан ауданының белсенді жастары бүгінде 10 тоннадан астам шөпті жөнелтсе, Еңбекшіқазақ ауданындағы жігіттер сай-сайдан 3 тоннадан астам шөп жинап, 5 тонна жем жіберіпті. Елде қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтарға шөп жеткізуші еріктілер қатары әлі де азаймаған. Қайырымдылық шараларына кәсіпкерлер ғана емес, өнердегі адамдар да көмек қолын созған. Солардың бірі - сазгер, әнші Ерлан Төлеубай.
«Батыста екі аптадан астам уақыт жүріп, шаруаларға көмектестік. Әр аймақтағы жігіттерді жинадым. Шөпті оңтүстіктен сатып алып, батысқа вагонмен жібердік. Еріктілер Шымкенттен Маңғыстауға 95 вагон шөп жібердік. Сол шөпті жіберген соң барлығымыз Оралға келдік. Осында келгенде "Тұран бизнес групп - 2021" деген топ құрып, бір вагон жемді Алматыдан Бейнеуге жеткізуді ұйымдастырдық. Оралда Мұратбек Солтанбай, Нұрлыбай аға, Қарқын Сейсенұлы сияқты еріктілермен бірге шөп жинадық. Батыстың өзінде 12 вагон шөп дайындап, оны Маңғыстауға жібердік. Жиналған қаражат жағы азайған соң ақшаны өз қалтамыздан да шығарып жатырмыз, – деді Ерлан Төлеубай.
Қайырымдылық шарасына қосылған жігіттер жем-шөпті әр аймақтан жинаған. Біріккен бір топ белсенділер қайырымдылық қорына түскен 20 миллион теңгеге 95 вагон шөптің 50-ін сатып алған. Қазір жаппай ақша жинау тоқтағандықтан еріктілердің көмегі арқылы жұмыс істеліп жатыр. Жалпы жетісулықтар аймақ атынан гуманитарлық көмек ретінде 60 мыңнан астам түк шөп жіберген. «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында меценаттар мен еріктілердің елге 600 миллион теңгеге жуық көмек көрсетіпті. Алматы облысы әкімдігінің ақпаратынша, ұлттық маңызға айналған «Қайырымды істер марафоны» жобасын жергілікті меценаттар, жоғарғы оқу орындары, 52 колледж, түрлі мемлекеттік мекемелер, қайырымдылық қорлары, автоволонтерлер және еріктілер ұйымдары қолдаған.
«Қазақ «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген. 17 аудан мен 3 қалада өңірлік фронт-кеңселердің қызметкерлері волонтерлерді көбірек тарту үшін белсенді үгіт-насихат қызметін нұсқаушылар ұйымдастырады. Алдағы уақытта аталған жалпыұлттық жобаны жүзеге асыру жалғасын таба береді», - деді Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы