Теңдік ауылының дүкендерінде арақ-шарап мүлдем сатылмайды
Солтүстік Қазақстандағы Тайынша ауданына қарасты Теңдік елдімекенінің тұрғындары осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын «тентек судан» түбегейлі бас тартқан. Сол сәттен бері дүкен сөрелерінен де арақ-шарап түгел алынып тасталған. Өйткені спирттік ішімдіктерге мүлде сұраныс жоқ. Azattyq Rýhy тілшісі салауатты өмір салтын ұстанған ауылға барып қайтты.
АУЫЛДА ҚЫЛМЫС АТЫМЕН ЖОҚ
Теңдік ауылында 400-ге тарта тұрғын бар. Соңғы 20 жылда олардың ешқайсысы полиция бөлімшесіне арызданбаған. «Тентек судан» бас тартқаннан кейін елдімекенде қылмыс та сап тыйылыпты.
«Теңдік ауылында 90 шаңырақ бар. Шағын ғана тып-тыныш елдімекен. Үлкендер жағы жастарға қашанда үлгі. Дінге бет бұрған тұрғын көп. Біздің ауылда қылмыс жоқ. Ешкім бір-бірінің үстінен полицияға арызданбайды. Себебі құқық қорқау органдарынан араша сұрайтындай ештеңе болған емес. Кішігірім сөзге келіп немесе ренжісіп қалғандар болса, ақсақалдар төрелік жасап, татуластырып жатады. Теңдік – қазақи салт дәстүр мен тұрғындардың бірлігі жарасқан ауыл», - дейді ауылдық округ әкімі Ержан Қасқұлақов.
Арақ атаулыдан бас тарту жөніндегі бастаманы бірінші болып ел ағасы, қажы Орынбай Әлжанов көтерген. Көпшілік сыйлы азаматты бірден қолдай кеткен.
«2003 жылы қасиетті Рамазан айында Әбсаттар қажы Дербісәлі халыққа үндеу жасады. Мұсылман қауымын 30 күн оразада арақ-шарап тұтынбауға шақырды. Сөйлеген сөзі әлі есімде. Түркістанда жиын өтті. Сонда халықпен ақылдасып, кәрі-жастың пікірін тыңдады. Біздің ауыл оны қолдады. Арақ – атамыздан қалған ас емес. Одан кейін біз ойлана келе харам сусыннан мүлде бас тартуды ұйғардық. Халыққа ауылда бұдан былай арақ мүлде ішілмейтінін жария еттік. Содан бері дастарғанға спирттік ішімдік қойған емеспіз. Келген меймандарды «тентек сумен» сыйламаймыз. Олар бізден арақ дәметпейді. Біздің заңымызды біледі. Соған үйреніп кетті. Ойын-тойға арақ араласпайды. Харам жүрген жерде дұға-тілек те қабыл болмайды. Бірлі-жарым жасырын ішкендер болса, өздері біледі. Бірақ ауылда арақ жоқ. Адамдарға сенеміз. Арақтан бас тартқаннан зиян шеккен жоқпыз. Қазақ қарияларды сыйлайды ғой. Жаңа тәртіпке қарсы келген ешкім жоқ. Ешкімді әурелеген жоқпыз. Бәрі өз еркімен бас тартты», - дейді Орынбай ата.
ҚЫМЫЗ – ДАСТАРХАН СӘНІ
Басқа ауылдардың тоз-тозы шығып, тұрғындары қалаға қарай көшіп жатқанда Теңдікте «Қаратомар» шаруа қожалығын ашып, халықты жұмыспен қамтыған да осы ақсақал. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі сонда еңбек етеді. Ел ағасы ауылдастары басқа жаққа көшкенде ескі үйлерді де бұзғызбай, өзі сатып алып отырыпты. Қазір бәріне ие табылған. Орынбай қажы мешітті де өз қаражатына салдырған. Ауылда қымызхана жұмыс істеп тұр. Ұлттық сусынға сұраныс жоғары.
«Ауылда бүкіл жерде қымыз құйылады. Осында көшіп келгелі спирттік ішімдік көрген емеспін. Барлық жерде ақ тамақ, қымыз жүреді. Бір үйірде 24 бие бар. Соның 22-сі сауын. Уақытымен сауып, қымыз пісеміз. Сусынды халық көбіне тапсырыспен алады. Қонақ шақырса, той жасаса 80 литрге дейін сатамыз. Теңдік ауылында еңбек етсең жұмыс бар. Өзім оңтүстіктің тумасымын. Бастапқыда биенің қалай сауылатынынан мүлде бейхабар едім. Қазір бәрін үйреніп алдым. Ниет болса, бәрін де меңгеруге болады», - дейді сауыншы Айна Қыдырбекова.
ДҮКЕН СӨРЕЛЕРІНЕН АРАҚ-ШАРАП ЖОЙЫЛҒАН
Облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауылда екі дүкен бар. Халық алысқа қатынамай-ақ, бар керек-жарағын осы жерден алады. Екеуінде де шырыннан басқа сусын сатылмайды.
«Дүкенде құрамында спирті бар ішімдіктер жоқ. Оны әкелмейміз де, сатпаймыз да. Ауылда оны ішетін адам жоқ. Сондықтан оны ешкім сұрап келмейді де. Сауда саласында ұсыныс қашанда сұранысқа тәуелді», - дейді сатушы Нұрсәуле Нұрлан.
«Мен осы ауылға 40 жыл бұрын көшіп келгем. Әйелім мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Өзім шаруа қожалығында еңбек етіп жүрмін. Қандай той болса да арақсыз өтеді. Барлық жерде қымыз құйылады. Сусын денсаулыққа да пайдалы. Бәріміз соған үйренгенбіз. Мен де арақ ішпеймйн. Керегі жоқ, соның», - дейді Андрей Нимак.
Орынбай ақсақалдың балалары әке ісін жалғап, ауыл шаруашылығымен айналысады. Ауылдастарына, мектепке қол ұшын беріп тұрады. Кәсіпкерлер балаларға арналған спорт алаңын салып берген. Нысан құрылысына 8 млн теңге жұмсапты. «Қаратомар» серіктестігінің басшылығы болашақта мектеп жанынан волейбол және баскетбол алаңдарын да салмақ.
«Ауылымыздың көркейіп, осындай деңгейге жетуіне жергілікті «Қаратомар» серіктестігі өте көп көмек жасайды. Соның ішінде оның басшысы Ақан Орынбайұлы 1,5 млн теңгеге жобалық-сметалық құжат жасап, мектебіміздің күрделі жөнделуіне септесіп жатыр. Халыққа жанашыр азаматтардың көмегін көріп отырмыз», - дейді ауыл мектебінің директоры Сейітжан Шәймерденов.
Замануи талаптарға сай спорт нысаны пайда болғаннан бері оқушылар аудандық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Жаңа алаңда тек балалар ғана емес, ерексектер де спортпен шұғылдана алады.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО