Сексеуіл ұлттық брендтен, кәуап ағашына айналып кетті – министр

Автор: Azattyq Rýhy

Орманды сақтап қалудың бір жолы сексеуіл ағашын кесуді тоқтату

Бүгін Нұр-Сұлтанда брифинг өткізген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев орман қорғау мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Айтуынша, орманды сақтап қалудың бір жолы – сексеуіл ағашын кесуді тоқтату.

«Бізде орман көлемі жалпы жеріміздің 4,7%-ын ғана құрайды. 2030 жылға қарай біз оны 5%-ға жеткіземіз деген жоспар бар. Назар аударатын мәселенің бірі – сексеуіл ағашын сақтап қалу. Біріншіден, ол қуаңшылықпен күресуге қажет. Екіншіден жер қабатының ластануын алдын алады.  Сексеуілді қорғау бойынша арнайы бағдарлама бар », - деді ол.

Осы орайда, министр қазір кәуәп пісіру үшін кәсіпкерлер сексеуілді аяусыз кесіп жатқанына қынжылыс білдірді.

«Мен әсіресе, дәмхана, мейрамханаларды сексеуілді жақпауға шақырғым келеді. Өйткені, ол  экологиялық проблемалармен күресуге мүмкіндік  беретін ұлттық брендіміз. Бірақ, өкінішке қарай, ұлттық игілік қазір кәуап ағашына айналып кетті», - деп айтты Мырзағалиев.

Еске салайық, 16 қарашада күшіне енген заң бойынша Қазақстанда заңсыз ағаш кесуге салынатын айыппұл көлемі 120 АЕК-тен 200-АЕК-ке, яғни 505 мың теңгеге артты.  Ал Ұлттық парктердегі ағашты кескендер 1 млн 313 теңге айыппұл төлейді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан