Алматыда сот орындаушысы пара алғаны үшін бас бостандығынан айырылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол ЖШС директорынан 2 млн теңге көлемінде пара алған

Алматы қаласы Бостандық ауданының сот актілерін орындау бөлімі басшысының міндетін атқарушы пара алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қалалық әділет департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметімен бірлесіп аумақтық сот актілерін орындау бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Н.Әділов сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп әшкереленген болатын. Ол ЖШС директорынан мүлкіне тыйым салу шараларын қолданбағаны және сот актісін орындамау фактісі бойынша материалдарды ішкі істер органдарына жібермегені үшін 2 млн теңге көлемінде пара алған», - делінген агенттік хабарламасында.

23 желтоқсанда Алматы қаласы Медеу аудандық № 2 сотының үкімімен А.Н.Әділов пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, ол 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына шеттетілді.