Мектепке дейінгі білім беру сапасына ерекше назар аударамыз – Асхат Аймағамбетов

Автор: Azattyq Rýhy

Балабақшадағы сапа мен мазмұн мәселесі қаралады

Асхат Аймағамбетов, фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда мектепке дейінгі білім берудің сапасы мен мазмұнына ерекше назар аударылады. Бұл туралы педагогтардың тамыз айындағы республикалық конференциясында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Біз үшін балаларды ерте жастан дамыту мәселесі ерекше маңызды. Біз көп жағдайда сандық көрсеткіштерге, балаларды қамтамасыз етуге назар аударамыз. Ал пәндердің және балабақшалардың сапасы мен мазмұны сияқты мәселелер назардан тыс қалады. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2021 жылы 98,1%-ға жетті және менің ойымша, сапа мәселесіне назар аударған жөн», - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылының басынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балабақшаларда мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделін енгізу басталады.

«Бұл үшін мемлекеттік стандартқа өзгерістер енгізіледі, сондай-ақ «ойындар арқылы оқыту» негізінде Үлгілік оқу бағдарламалары қайта қаралады. Сонымен қатар, жекеменшік балабақшаларды дамытуды ынталандыру ваучерлік механизмді енгізумен жалғасады», - деді министр.