Қашықтан оқыту, мұғалім сауаты, оқушылардың ынтасы, TikTok-тағы ағартушылар жайлы
Онлайн білімді жетілдіруде шетелдік мамандарға тәуелдіміз - сарапшы
Онлайн білім беру жүйесінің қандай деңгейде екенін мұғалімнің біліктілігімен ғана шектеуге болмайды. Керісінше қазір оқытушылар жаңа форматқа жақсы бейімделіп келеді. Ал еліміздің IT саласы әлі де ақсап тұрғандықтан дамыған көштің қатарына ілігуге әлі де мүмкіндік жоқ. Мұндай пікірді елордалық жас кәсіпкер, қосымша білім беру орталығының директоры Бөгенбай Серікбай айтты.
Богенбай Серікбайдың білім беру орталығы алғашқы жылдары дәстүрлі форматта жұмыс істеген. Алайда онлайн режимнің тиімділігі басым болғандықтан, осы бағытқа бет бұрған екен. Бұл әдіс IT мамандардың қызметіне тәуелді. Өкінішке қарай, бұл тұста отандық мамандар тапшы болғандықтан, оларды ТМД елдерінен тартуға тура келеді.
«Украина, Беларусь елдерімен салыстырғанда бізде бұл бағытта мамандар саны өте аз. Осы статистикаға сүйеніп, бізде бұл саланың қаншалықты дамығанын көруге болады. Қазақстандық мамандар көп жалақы сұрайды. Сондықтан, біз Украинадағы IT мамандардың көмегіне жүгінеміз. Яғни, украиндар жасайтын жұмысты жергілікті мамандар 2-3 есеге қымбатқа бағалайды. Оның үстіне бізде мықты мамандар тапшы, бар болған күннің өзінде олар шетелдік компанияларға қызмет көрсетеді», - дейді Бөгенбай.
Бөгенбай Серікбайдың айтуынша, ТМД елдерінің білім беру жүйесі өзара ұқсас. Бұл ретте АҚШ-тың немесе Еуропаның әдісіне көз тігіп керек емес. Өйткені, ол аймақтағы елдер бізге қарағанда интернетпен әлдеқайда жақсы қамтамасыз етілген. Оның үстіне ондағы оқушылардың күн тәртібі де бөлек.
«Біз бірден Америка болып кетпейміз. Олардың жүйесі де бізге сәйкес келмейді. Олардың сервисін қолдану үшін мұғалімнің де IT сауаты жоғары болуға тиіс. Бізге көбіне тікелей эфир емес, видео ретінде жазылған сабақтар тиімді. Мәселен, біз қазір үш кезеңнен тұратын оқыту жүйесін қолға алдық. Біріншіден, бала өзіне ыңғайлы уақытта керек сабағын көре алады. Екіншіден, тапсырмаларын платформада орындайды және ол сол жерде тексереді. Үшіншіден, сол тапсырмалардың талқылауы беріледі. Оқушы осы кезеңдерден толығымен өтсе, ол ақпараттарды 98 пайызға игере алады деп ойлаймын. Бірақ мұндай тәсіл АҚШ үшін қызық емес, керісінше оларды жалықтырып жіберуі мүмкін. Олар бізден әлдеқайда алда. Олар кез келген уақытта онлайн трансляцияға ешбір қиындықсыз қосыла алады. Оның үстіне ол жақтағы оқушылардың «жеке уақыты, өз шекарасы» деген түсінік бар. Олар бір уақытта 100 немесе 1 000 баланы тікелей эфирде оқыта алады. Өкінішке қарай, әзірге бұл бізде мүмкін емес. Біздің менталитет те басқа. Бізде үйіне қонақ келіп қалса немесе үйдің шаруасы шығып қалса, бала трансляцияны тоқтата салады. Міне, сол себепті бізге алдын ала жазылған видеомен жұмыс істеген тиімді», - дейді жас кәсіпкер.
МҰҒАЛІМНІҢ БАРЛЫҚ АҚПАРАТТЫ 100 ПАЙЫЗ БІЛУІ МІНДЕТТІ ЕМЕС
Сабақты онлайн форматта оқу оқушылардың білімге деген немқұрайлығын арттырғандай. Оның дәлелі ретінде әлеуметтік желілерде тараған түрлі видеоларды келтіруге болады. Біреуі сабақ уақытында ұйықтап жатса, өзгесінің интернеті сапасыз.
«Негізі, балаға онлайн білім алу ыңғайлы. Себебі қазір 2-3 жасар бала телефонды шұқылап отырып, қайда кіріп, нені басу керектігін жақсы біледі. Бір сағаттап сабақ тыңдағаннан гөрі, қысқа форматта ақпарат қабылдау балаларға өте қолайлы. Бірақ сол қысқа форматтың өзін қызықты етіп беру керек, әйтпесе бала тез жалығып кетеді. Бірінші кезекте мұғалім сабақты қызықты етіп өткізуге тиіс. Бізде ондай жоқ. Қазір жас мұғалімдер тик-токта түрлі видеолар түсіріп, сабақ түсіндірудің жаңа тәсілдерін меңгеріп жатыр. Міне осындай тәсілдер оқушылардың қызығушылығын оятады», - дейді білім беру орталығының директоры.
Сонымен қатар, сарапшы қазіргі мұғалімдердің рөлі бұрынғыдай еместігін атап өтті.
«Жаңартылған бағдарламада мұғалім ол – модератор. Сондықтан, мұғалімнің барлық ақпаратты 100 пайыз білуі міндетті емес. Бала тақырыпты өзі оқып, оны өз ақылымен қорытуға тиіс. Бұл баланың ойлану жүйесін кеңейтеді. Оны ата-аналар дұрыс түсінбейді, мұғалімнен ескі тәсілді талап етеді. Ол дұрыс емес», - дейді Бөгенбай Серікбай.
САБАҚТЫ ШОУ-ФОРМАТТА ӨТКІЗУ КЕРЕК
Білім және ғылым министрінің баспасөз қызметі ұсынған статистикалық мәліметтерге сәйкес, елімізде жалпы білім беретін мектептерде 314 347 пән педагогі бар. Ел бойынша мұғалімдердің тапшылығы 3439 адамды құрайды. Нақтырақ айтқанда, математика пәні бойынша 195 педагог, физика – 54, химия – 43 педагогтер жетіспеушілігі бар.
Бөгенбай Серікбайдың айтуынша, егер де цифрландыру саласы тиісті деңгейде ілгерілесе, бір ғана мұғалімнің бір мезетте 1000 балаға сабақ беруіне мүмкіндігі болар еді.
«Мен мықты мұғалімдер мен сценарий жазушылар болғанын қалаймын. Сол арқылы үлкен бюджетке шоу форматта сабақ түсіретін едім. Бір сабақтың құны 1 млн теңгеге шығуы мүмкін. Бірақ бұл бағытқа одан да көп қаражат жұмсалып жатыр. Онлайнның тағы бір ұтымды тұсы - қолжетімділік. Егер де мықты мұғалім табылып, алайда ол басқа қалада болса, оқушы оның сабағын ведеожазба арқылы оқи алады. Яғни, бір ғана мұғалім бүкіл Қазақстанға сабақ бере алады», - дейді Бөгенбай Серікбай.
Сабақты қызықты өткізудің заманауи тәсілін тапқандардың бірі - талдықорғандық Ұлан Үсенов. Бүгінде ол Алматыдағы мектептердің бірінде химия пәнінен сабақ береді.
«Химия - оқушылар үшін күрделі пәндердің бірі. Мен жаңадан жұмысқа орналасқанда бір кемшілікті байқадым. Ол - балалардың ойын алаңдататын құрал. Оларға сабақтан гөрі, планшеттегі түрлі ойындар мен қосымшалар әлдеқайда қызығырақ. Содан ой келді: «неліктен сабақты сол платформада өткізіп көрмеске?» деген. Бірінші видеоны жүктегеннен кейін қаралым бірден көбейді. Қазіргі буын үшін біздің алған біліміміз аздық етеді. Оларды таң қалдыра отырып, қызықтыру керек. Тіпті, менің өзіме де мектепте химия пәні қызық емес болатын. Қазіргі оқушылардың талабы тіптен жоғары», - дейді Ұлан Үсенов.
TikTok желісінде Ұланның жарты миллионға жуық оқырманы бар. Олардың қатарында шетелдіктер де аз емес. Мектеп мұғалімінің атмосфералық қысым туралы түсірген видеосы 3,5 млн-нан аса қаралым жинаған. Бұдан бөлек, Ұлан Үсенов «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген.
«Қазір менің 250 мыңға жуық оқушыым бар, олардың арасынан ересектерді көруге болады. Кейбіреулер «бұл тәсіл балаларды еркінсітіп жібереді», өйткені химияны мұқият оқыту керек, Тик-Токтағы сабақтар ешқашан дәстүрлі пәндерді алмастыра алмайды» деп айтуы мүмкін. Мен мұнымен толық келісемін. Менің видеоларым – сабақтың тек бір бөлігі ғана, былай айтқанда оның стартері», - дейді Ұлан Үсенов.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан