«10 млн теңге берсең тиіспейміз»: Алматы облысында мүгедек кәсіпкер прокурордан қысым мен бопсалау көргенін айтты
Кәсіпкер Бақытжан Әбдіхалықов пен оның анасы Талғар ауданының проруратурасын рейдерлікпен айналысады деп айыптады
Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны Бақытжан Әбдіхалықов пен анасы Дина Серікбаева 2013 жылы Кеңдала ауылдық округінен 10 сотыққа жетпейтін жер алып, кәсіппен айналыспақ болған. Олардың екеуін де денсаулығы сыр берген: Бақытжанның екі көзі де нашар көрсе, анасы үшінші топтағы мүгедек. Екеуі аталған жерге көлік жуу орталығын 7 жыл бойы салып, 2020 жылы жұмысты бастаған. Алайда, материалдық пайда тапқаны сол екен, аудандық прокуратураның мамандары жетіп келіп, түрлі сылтаумен жұмыстың жүруіне кедергі келтіріпті.
Бақытжан Әбдіхалықов 350 шаршы метр болатын нысанды салып, кәсіпті бастау үшін 30 миллион теңге шығын кеткенін айтады. Көлік жуу орталығы мен дүкен ашуға жауапты мемлекеттік мекемелердің бәрінің рұқсатын алған. Алайда, жұмыс қызған сәтте прокуратурадан адам келіп, пайданы теңдей бөлісеміз деп талап қойған көрінеді. Кәсіпкер бұған көнбеген соң ол «10 миллион теңге бер де, жұмысыңды істей бер» деп екінші ұсынысын айтқан екен. Бақытжан ол соманы беруден де бас тартыпты. Артынша оның жеке компаниясы тексерудің астында қалған.
«Былтыр көктемде бизнесті бастадық. Жұмыс істегенімізге екі ай толған еді, тексеруге Балқаш-Алакөл бассейн инспекциясы келді. Шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруді тоқтату туралы Президенттің мораториіне де қараған жоқ. Инспекциядан орынсыз тексерудің себебін сұрағанда, оны Талғар ауданының прокуратурасы ұйымдастырған деді. Сосын аудандық прокуордың аға көмекшісі Алмас Әбдірасилов маған телефон соғып, Алматыдағы Тұңғыш Президент паркінде кездесуге шақырды. Сол кезде прокурор маған: «мына нысанның жартысын бізге бересің, ЖШС құрамыз да, оған біз өзіміздің адамды кіргіземіз, мүліктің жартысына біз иелік етіп, табыстың 50 пайызын алып отырамыз» деді. Мен оған келіспейтінімді айтқанда, бастығымен ақылдасатынын айтты. Келесі кездесуде 10 млн теңге пара берсем жайына қалдыратындарын айтты. Оған да келіспеймін деп едім, «онда өзің біл, біз бүкіл әкімшілік күшті саламыз да, сенің ғимаратыңды заңсыз деп тауып, бизнесіңді сот арқылы құлатып, сүргіземіз» деді. Жерімді де тартып алатындарын айтты», - деді кәсіпкер Бақытжан Әбдіхалықов.
Онсыз да көру қабілеті нашар жігіт бизнесінен айырылып қалам деп қорқып, прокурорларға інісінің көлігі мен 1 млн теңге бермек болады. Бірақ, бұл ойынан айнып, басқа құқық қорғау органдарына шағымдана бастайды. Көлік пен кілем жуу және дүкен, техникалық қызмет көрсету сынды бірнеше бизнестің басын қосқан орталықта қазіргі сәтте оншақты адам нәпақасын тауып отыр.
«Міне, мемлекеттік акт, СЭБД рұқсат құжаты, кәріз жүйесіне қосылу, су беретін мекеменің рұқсаты, өзге де толып жатқан құжаттың бәрі бар. Бізге айыппұл салып кеткен Балқаш-Алакөл су инспекциясының өзі кезінде рұқсат құжатын берген, ол да тұр. Қолымда оншақты адам жұмыс істейді. Әр жұмысшының үйінде кемі үш адамнан бар. Сонда олар бизнесті бөліспедіңдер деп жапқызып тастағанда, 30 адамды кім асырайды, прокурорлар ма? Салықты да уақытылы төлеп келеміз. Прокуратураның бұл әрекетін рейдерлік шабуыл деп білеміз. Талғар ауданының прокуроры рейдерлікпен айналысып отыр. Бұлардың әрекетіне тоқтау салатын біреу бар ма?», - деді мекеменің есепшісі Дина Әшірова.
Прокурорлардың тапқан айыбы – нысан қызыл сызықта, судан қорғау аймағына жақын орналасқан. Бірақ бұл ойдан шығарылған жала деп санайды кәсіп иелері. Өйткені нысан Талғар өзенінің аңғарынан талап бойынша 35 метр қашықтықта емес, 75 метр алыста орналасқан. Отбасылық бизнестің заңды иесі Дина Серікбаева үшінші топтағы мүгедек. Прокуратруа тарапынан түскен қысымнан өзінің де, ұлының да жүйкесі жұқарып, денсаулығы сыр бере бастаған.
«Облысқа арызданғанда жаңағы аудан прокурорының аға көмекшісін жұмыстан шығарып, іс бір жылдай тынышталып қалды. Жуырда бізді облыстық сотқа шақырып, прокуратураның шағымы бойынша нысанның құрылысы заңсыз деген біржақты шешім шығарды. Бизнестің, нысанның заңды екені туралы бұған дейін Талғар аудандық соты да шешім шығарған. Оның күшін облыстық сот жойды. Мына дүниені біздің меншігіміз деп тану туралы азаматтық шағым түсіргенбіз. Оны да жоққа шығаруға тырысып жатыр. Талғар ауданының прокуроры Баққұстар Қыдырбаев пен облыстың прокуроры жабылыса да менен мына бизнесті тартып ала алмады. Бизнесті тартып ала алмаған соң бұзғызып тастамақ. Бұл не өзі сонда? ШОБ қолдаймыз деген мемлекеттің бағдарламасына бас пайдасын ойлаған прокурорлардың түкіргені бар ма? Барлық құжатымыз түгел. Құрметті Елбасы! Құрметті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев! Мыналардың рейдерлік әрекетін тоқтатуыңызды сұраймын! Мені қорғап, бизнесті қолдаңыздар», - деді Б.Әбдіхалықов.
Мемлекеттік айыптаушылардың анықтауынша, нысан Талғар өзенінің ағысына зиянын тигізеді. Кәсіпкердің әрекеті Су кодексінде көрсетліген 125-баптың тармақтарына қайшы. Кодекске қайшы қағидаларды жинап, сотқа жүгінген облыс прокурорының орынбасары кәсіпкерді ақыры жеңіпті. Соттың шешімі бойынша зейнетер айыппұл төлеумен қатар, нысанды да сүруі тиіс. Қаулы жарияланған күннен бастап күшіне енген. Отбасымен бірге он жылдай жинаған дүниесінен бір сәтте айырылуға шақ тұрған кәсіпкер енді Жоғары Сотқа жүгінбек.
Бір қызығы, Талғар өзенінің бойында бұл нысан ғана тұрған жоқ, мұндай мейрамхана, өзге көлік жуу орталықтары, жанармай құю бекеті тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы