«Мүфтияттағы трайбализм». ҚМДБ өкілі мақала авторына жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

Жершілдік, рушылдық Діни басқармада да бар ма?

фото: muslim.kz

Жақында ақпараттық порталдардың бірінде «Мүфтияттағы трайбализм» деген тақырыппен мақала жарияланды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында марқұм Әбсаттар қажы Дербісәлінің кезінен (2011 жыл) бастап қызмет етіп келе жатқан Ағабек Қонарбайұлы бұл мақалаға қатысты жауап берді.

Мақала авторы Ершат Оңғар, Ғылымбек Мәжиев, Қайрат Құрманбаев, Шәмшадин Керім, Нұрбек Есмағанбет, Ерболат Жүсіпов сынды азаматтарды Бас мүфти «өз маңайына шоғырландырып» алғанын алға тартыпты.

«Діни басқарма дін кадрын тағайындауда трайбализмге жол берген емес. Бұған біз де куәміз. Діни салаға лайықты азаматтар өзінің туып өскен өңіріне жауапты қызметке тағайындалуда, яғни мешіт молдалары жергілікті діни кадрлар арасынан іріктелуде. Қызметке қабылдау барысында болашақ имамның біліміне, тәжірибесіне, мінез-құлқына аса мән беріледі. Мұндағы мақсат – жамағаттың жүрегіне жол табу», - дейді Мүфтияттың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.

Мүфтият өкілінің айтуынша, Наурызбай қажы Тағанұлы 2020 жылы Бас мүфти лауазымына сайланды. Ал мақалада аты-жөні көрсетілген азаматтар бұған дейін ұзақ жылдар бойы Діни басқарма жүйесінде қызмет етіп келді, әлі де жұмысын жалғастыруда. 

Атап айтқанда, Ершат Оңғар 2007 жылы 16 шілдеде қызметке қабылданып, 2019 жылдың 18 қазанында наиб мүфти болып тағайындалды. Ал Ғылымбек Мәжиев 2013 жылдың 26 ақпанынан бастап ҚМДБ Аппарат жетекшісі қызметін атқарып келеді. Ал 1997 жылдан бастап бірнеше аймақта бас имам болған Нұрбек Есмағанбет 2018 жылдың 19 қаңтарында Діни басқарма жанындағы «Дін істері және талдау» бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Ерболат Жүсіпов те бұған дейін, яғни, 2019 жылы 15 тамызда «Әзірет Сұлтан» мешітіне наиб имам қызметіне бекітілген. Қайрат Құрманбаев 2006 жылы «Нұр Мүбарак» университетіне ұстаз қызметіне қабылданып, 2018 жылы аталған оқу орынның проректоры болып тағайындалды. Шәмшадин Керім діни салаға 2001 жылы 4 сәуірде келген. 2018 жылдан бері «Әбу-Ханифа» атындағы ғылыми-зерттеу орталығында қызмет етуде. 

«Төртінші мүфтидің баспасөз хатшысы ретінде тағы да айтарым: Мүфтият басшылары дін қызметкерін ру мен жерге бөліп, жұмысқа қабылдаған емес. Еліміздің әр өңірінен келген білімді азаматтар Діни басқармада бір үйдің баласындай бірлігін танытып, жұмыс істеуде. Кез-келген дін маманын жұмысқа алу барысында ең басты талап ретінде оның кәсібилігі мен біліктілігі назарға алынады. Ал, имамдарға анкета таратып, руын сұрау сынды іс-әрекеттер жалған ақпарат екенін осыған дейін ресми мәлімдедік.

Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти болған кезде де Мүфтият қызметкерлері толық құрамда өз орнында қалып, әлі күнге дейін дініміз бен еліміздің игілігі жолында қызмет етіп келеді. Бұған мен және әріптестерім куә...», - деп жазды ол.

ҚМДБ өкілі Мүфтиятқа қарсы «ақпараттық шабуыл» жасау бұрыннан келе жатқан «үрдіс» екенін атап өтті.

Еске салайық, 5 тамызда «Демос» ҚБ төрағасы Тұрарбек Құсайыновтың «Мүфтияттағы трайбализм» атты мақаласы жарияланды.