Орталықта ондаған адам уланып, ауруханаға түсті
Алматыдағы «Демеу» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында уланған науқастар өздеріне берілетін тамақтың сапасына бұрын да шағымданған. Қаладағы ең ірі әлеуметтік орталықта жүйке-психикалық ауруы бар 680 адам тұрады. Тендерді ұтқан компания әр адамды күніне бес уақыт тамақтандыруға 1300 теңге ғана жұмсап келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Өткен сенбіде психикасы бұзылған 63 адам астан уланып, ақыры араларындағы бір науқас қайтыс болып кетті. Науқастар асқа шағымданғанымен әлеуметтік орталықтың басшылары сол сәтте СЭБ департаменті жағдайды уақытылы хабарламаған. Мекеменің басшылары болса сенбі күні науқастарға берілген тамақ режимі бұзылғанын мойындап отыр.
«Сол күні бізде диеталық қателіктер болды. Біз қара өрік, қарбыз тараттық, түстен кейінгі тағамдар үшін айран болды, бұл комбинация бұрын гастритпен ауырған науқастарға жақпай, ішкі құрылыстарының ауырғанына шағымданып, холецистит реакциясын тудырған. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлағанындай температура немесе құсу болған жоқ», - деді «Demeu» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының көмекшісі Қарлығаш Бекқұлова.
Олар шу шығармай, істі жылы жаппақ болған көрінеді. Айтуларынша, науқастарда ішек инфекциясының өткір белгілері болмаған. Алайда, олардың бәрі сенбі күні түстен кейін ішкі құрылыстарына шағымдана бастаған. Ал, қайтыс болған 41 жастағы науқастың өліміне улану себеп болмаған көрінеді. Дәрігерлердің айтуынша, жігітке бұған дейінде екі рет ота жасалған. Өлімнің ресми диагнозы – «Жедел жүрек жеткіліксіздігі. Кардиомиопатия».
«Демеу» орталығының басшылығы мұнда тамақ сапасына қатысты шағымдардың бұрын да болғанын мойындайды. Алайда, науқастарға берілетін ас-сусынға аутсорсинг компаниясы жауап береді. 700-ге жуық адамды тамақпен қатмамасыз етуі тиіс мекеме өзінің қызметтері үшін ең арзан баға ұсыну арқылы тендерді жеңіп алған. Бір науқастың күніне бес уақыт тамақтануына небәрі 1330 теңге ғана жұмсайды.
«Біз күніне 96-99 килограмм ет тұтынамыз. Біздің өзімізде жеке шаруа қожалығымыз бар. Әрі 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеген өз жеткізушілеріміз болғандықтан, біз олармен жыл басында белгілі бір мөлшерде келісім жасасамыз және жыл соңына дейін олармен келісімшарт бойынша жұмыс істейміз. Сондықтанда біз тапсырысты уақытылы орындай аламыз», - деді «Казфуд Алматы» ЖШС әкімшісі Азиза Казиева.
Тендерді ұтқан компания емделушілердің жаппай ауыруы тағамның сапасына байланысты емес деп санайды. Олардың айтуынша, барлық өнім арнайы қоймаларда сақталады, жеткізушілерден аптасына екі рет сатып алынады. Алайда, олардың сөзінен бұрын ісін тексеруді жөн көрген СЭБ департаментінің өкілдері ас-сусынды тексеріп көру үшін зертханаға әкетті. Қалалық әкімдіктегілер сараптама қорытындысын күтіп отыр.
«Енді біз мұны анықтаймыз, мүмкін тамақтың сапасыздығынан адамдар ауырған шығар. Мүмкін медициналық қызметтер жағынан болды ма, оны анықтаймыз. Содан кейін осы мәселе бойынша шешім қабылдаймыз. Сол мекеменің директоры, оның орынбасарлары бар, жауапты лауазымдарына сай кімді жазалау керегін қараймыз», - деді Алматыдағы әлеуметтік қамқорлық бөлімі басшысының орынбасары Алмасбек Құрманғалиев.
«Демеу» орталығында негізінен жүйке жүйесі зақымданған, өз құқығын қорғай алмайтын адамдар жатқандықтан, тиісті бақылаушы мекемелер тарапынан тексеру жиі жүргізіледі. Оқиғадан кейін мекемеге арнайы бақылау тобы барады. Елде осындай 113 орталық бар. Олардың әрқайсысында не болып жатқанын тексеріп анықтау оңайға соқпайды. Әлеуметтік қамқорлық орталықтарының барлығы жергілікті әкімдіктердің қарауында.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы