«Қыркүйекте 4 толқын басталады»: Алматы қаласының бас дәрігері коронавирустың таралуына болжам жасады

Автор: Azattyq Rýhy

Күзде тәулігіне 1900 адам инфекция жұқтырады деп болжанған

Фотода Нариман Табынбаев

Алматыда коронавируспен ауырғандар саны әлі де көбейеді. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы коронавирустық инфекцияға қатысты пессимистік болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қаланың бас дәрігері Нариман Табынбаевтың айтуынша, Алматыда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы дельта штамының таралуымен тікелей байланысты. 2021 жылдың басынан бері КВИ-ді жұқтырған 74 мың адам тіркелген.

«Соңғы 2 аптада алдыңғы кезеңмен салыстырғанда сырқаттанушылар саны 1,2 есе өсті. Ал тәуліктік өсім бойынша 1,3%-ды құрады. Осы жылдың 1 шілдесінен 27 шілдесіне дейін 18 118 жағдай тіркелді. Бұл пессимистік болжамнан едәуір жоғары. Өсудің себептері белгілі – 18 маусымнан бастап қалада дельтаның таралуы – жоғары жұқпалы және көбінесе ауыр клиникалық көріністер тудыратын нұсқа. Пандемия басталғаннан бері 92 424 КВИ жағдайы Алматыда тіркелген», - деді басқарма басшысы.

Қаланың бас дәрігері алдағы айларға болжамын да ұсынды. Бастапқы болжамға сәйкес, аурудың шыңы тамыздың бірінші онкүндігінде болады. Табынбаевтың сөзінше, күніне қауіпті инфекцияны жұқтырған адамдардың саны 1600-ге жуықтайды.

«Биыл 30 қыркүйекке дейін, сосын алдағы 3 айға болжам дайындалды. Негізгі болжамға сәйкес, аурудың шарықтау шегі тамыздың бірінші онкүндігіне келеді, тәулігіне 1600-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі. Пессимистік болжамға сәйкес, аурудың шарықтау шегі 10-11 тамызда тәулігіне 1900-ге дейін жаңа жағдай тіркеледі. 2021 жылдың тамыз айында 34 500 жағдай деп болжам жасалды. Қыркүйекте коронавиустың төртінші толқыны басталады деп болжам жасалды», - деді Нариман Табынбаев.

Алматыда ауру жұқтырған науқастар жататын 7 мың инфекциялық төсек-орын дайындалған.  Резервте қосымша тағы 3000 төсек-орын бар. Егер жағдай ушығатын болса, тағы да резервтік 2000 төсек-орын қарастырылады. Бүгінгі таңда 6 400 төсек-орын жүктемесі тартылған.

«27 шілде күнгі жағдай бойынша стационарларда жалпы 3 827 пациент (оның ішінде 239 балалар), өте ауыр жағдайда 114 науқас және ауыр жағдайда 956 науқас ем алуда. Инфекциялық стационарларда 500 реанимациялық төсек-орын бар. Жұмыс жүктемесі бойынша 52% (260 пациент). ӨЖЖ аппаратында 29 пациент жатыр. Инвазивті емес желдету – 105 және High Flo аппаратында 99 пациент жатыр. Штамдар агрессивті, бұл өлім санын арттырды. Биыл 1 қаңтар мен 26 шілде аралығында 703 адам қайтыс болды. КВИ-мен күресу үшін 6 212 медицина қызметкері жұмылдырылды. Резервте 1700-ден астам медицина қызметкері бар. Анықталған жағдайлардың санына пропорционалды түрде ауруханаға жатқызу барысында аурулардың саны өсуде. Егер бір ай бұрын тәулігіне 40-70 пациент ауруханаға жатқызылса, қазіргі уақытта ауруханаға тәулігіне 400 науқасқа дейін жатқызылуда», - деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.

Соңғы күндері пациенттер саны 5 есеге өскен. Бүгінгі күннің ақпаратынша, 7 361 науқас ем алып жатыр. Жедел медициналық жәрдем қоңырауларының күнделікті саны 2700-ге дейін өскен. Шілдеде ЖРВИ, КВИ және пневмониямен ауырған науқастарға шақыру 2 есеге, яғни 15%-тен 30%-ға дейін артқан. Қазіргі уақытта 15 700 зерттеуге арналған 28 ПТР-тест зертхана жұмыс істейді, болашақта анықтама көрсеткіші  27 мыңға дейін көбейту көзделген.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы