ШҚО-да жөндеуіне 400 млн теңге бөлінген жол қырық жамау болып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Әкімдік жол салу жұмыстарын тек 2025 жылға қарай бітіреміз дейді

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына қарасты бірнеше елдімекеннің арасын жалғайтын үлкен екі жол тұрғындардың басауруына айналғалы бірнеше жыл болды. Жергілікті билік 2019 жылы шұрық тесік болған жолдардың бетін асфальт жабындымен жауып, жаңартып береміз деп бюджеттен 400 миллион теңгеге жуық қаржы бөлген екен. Алайда, жол жөндеушілер жұмысты бел ортасына тастап кеткен.

2019 жылы Ақжар – Жетіарал, Ақсуат – Ойшілік ауылдары аралығындағы жолдарды жөндеуге бюджеттен 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Алғашында бұл жаңалықты естіген жергілікті халық бөркін аспанға атып қуанған. Өйткені, ауыларалық жолдардың жағдайын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тұрғындар көлік жөндетуге жиі шығындалады екен.

Бірақ, халықтың қуанышы көпке созылмады. Жергілікті билік жоспарлаған жолдың тек жартысын ғана салып, жұмысты орта жолдан тастап кеткен. Тұрғындар мұнан кейін жол салушыларды біраз уақыт күтіпті. Алайда, содан бері екі жылдан астам уақыт өтсе де күрегін көтеріп келген ешкім жоқ.

«Шамамен бес-алты шақырымы ғана асфальтталды. Мұны облыстық газеттерден бөлек, республикалық БАҚ өкілдері де жариялаған болатын. Мейлі қаржыны теңдей бөліп пайдаланғанның өзінде кемі 20 шақырымға тас жол төсеу қолдарынан келіп тұр еді ғой... Қазір көлікпен жүру мүмкін болмай барады. Ойдым-шұңқырдан қашып құтылмайсың», - деді Ойшілік ауылының тұрғыны Омархан Найзабекұлы.

Әкім-қарадан көмек болмаған соң тұрғындар проблеманы әлеуметтік желілерде жазып жүр, үніміз «еститін үкіметтің» құлағына жетіп қалар деген үмітпен.

«2019 жылы ауылдың жолын жөндеуге 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, Ақжар мен Жетіаралдың арасындағы жолдың 5-6 шақырымына ғана тасжол төселді. Негізі 12 шақырым. Қалған жері ойдым-ойдым шұңқыр күйінде қалды. «Аспаннан киіз жауса да, қайыршыға ұлтарақтай киіз бұйырмайды» дегендей, бюджеттен ақша бөлінсе де, халық игілігін көріп отырған жоқ. Өздеріңіз көріп тұрғандай жолдың жайы мәз емес», - дейді әлеуметтік желі қолданушысы Ермек Құрманғалитегі.

Ал тағы бір тұрғын құзырлы органдардан сапасыз жұмысты қабылдап алған мекеме өкілдерін жауапқа тартуды сұрайды. Өйткені, жолды соңына дейін бітірмеуі өз алдына, жөнделген бөлігінің өзі сын көтермейді екен.

«Жөнделген жолдардың сапасына және бөлінген қаражаттың қайда, қаншасы жұмсалғанына ТҮКШ-дан жауап беретін адам жоқ. Қол қойып қабылдаған адамдарды жауапқа тарту керек деп ойлаймын. Ақжар ауылының ішіндегі былтыр күзде жөнделген жолдардың да сапасы сын көтермейді. Смоласы шығып, еріп жатыр. Оның бетіне топырақ шашып қояды. Көлігіміз қап-қара смола болды. Кім жауап береді мұның бәріне», - дейді ауыл тұрғыны Серік Ибраев.

Жергілікті билік жолдың қалған бөлігін бітіруге облыстан тағы ақша сұрағандарын айтты. аудандық ТҮКШ, Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері бюджеттік өтінім әзірлепті. Енді облыс мақұлдап, бюджеттен ақша бөлінсе, бітпей қалған жолды аяқтаймыз деп уәдені үйіп-төкті. Ал, осыған дейін жасалған жол сапасы қанағаттанарлық дейді аудан әкімдігіндегілер.

«2019 жылы аудандық маңызы бар Жетіарал ауылына кіреберістің 5,6 шақырымы (69 млн теңге), Ойшілік ауылына кіреберістің 15 шақырым учаскесі облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы теңгеріміне алынып, тапсырыс беруші ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, ал мердігер ұйым «Зайсан құрылыс компаниясы» ЖШС тарапынан орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Қазіргі уақытта орын алған кемшіліктер үш жылдық кепілдік мерзім шеңберінде қалпына келтірілді. Сапасы қанағаттанарлық жағдайда», - делінген аудан әкімдігінің аталған жолға байланысты таратқан ақпаратында.

Әкімдік мәліметінше, Жетіаралда – 688, Ойшілікте – 1218 тұрғын бар. Қазіргі уақытта аудандық маңызы бар Жетіарал ауылына кіреберіс жолдың 5,6 шақырымына, ал Ойшілік елдімекені кіреберісінің 18,2 шақырымына асфальтбетон жамылғысы төселген. Ал, жолдың қалған бөлігін шенеуніктер 2025 жылға дейін салып бітіреміз дейді.

«Жоспарға сәйкес аталған жолдардың асфальтталмаған жолдарын 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Жұмысты тәмәмдау «Зайсан құрылыс компаниясы» мердігер мекемесінің жауапкершілігінде. Мәселені бақылауға алу мақсатында аудан әкімдігі тарапынан бюджеттік өтінімдер мен ұсынымдар құзырлы мемлекеттік органдарға жолданбақ, - деді аудан әкімінің орынбасары Ерсін Ескендіров.

Айта кетейік, Тарбағатай ауданының тұрғындары жол сапасына байланысты осыған дейін де бірнеше рет шағымданған болатын. Тіпті былтыр ғана жаңадан салынған көше жолының кейбір жері 1 метр тереңдікке дейін ойылып кеткені туралы әлеуметтік желіде жазған. Алайда, тұрғындар енді қанша шағымданса да жолдардың түгел жөнделуін 2025 жылға дейін күтуіне тура келеді.

Таунар Қайратұлы, ШҚО