Алматы облысында тоқсанға келген қариялар сайлауда дауыс беріп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Облыста 235 кандидат саяси бәсекеде бақ сынауда

Сарқан ауданында жасы тоқсанды алқымдаған қариялар да сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасап жатыр.

Екіаша ауылында тұратын Нұршат пен Ханшайым әжелер сайлаудан тысқары қалмай, өз кандидатына дауыс берді. Ғасырға жуық өмір сүрген қос әже ақ батасын беріп, сайлаудың Қазақстан қоғамы үшін маңызды екенін айтып өтті.

«Бүгінгі сайлау біздер үшін маңызды. Ауылымыздың әкімін бірауыздан сайлап, ауылдың келешегін жаңа басшыға сеніп тапсырмақпыз. Сондықтан сайлау учаскесіне бүгін ерте келіп, өз таңдауымды жасадым. Әр тұрғын өткізіліп жатқан науқанның маңыздылығын түсініп, таңдауды дұрыс жасайды деген ойдамын». - деді Ханшайым әжей.

Алматы облысында 235 кандидат саяси бәсекеде бақ сынауда. Алдын ала жоспар бойынша 220 мыңнан астам тұрғын сайлауға қатысуы тиіс. Соның ішінде, Ақсу ауданының 3 округі бойынша 3 мыңға жуық сайлаушылар өз даусын бермек.

Орталық сайлау комиссиясының берген ақпарына сәйкес, 25 шілде сағат 10:00-де халықтың 17%-ы, яғни 38783 адам өз таңдауын жасаған.