Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлерін ұрған аналар ірі көлемде айыппұл төлейді

Автор: Azattyq Rýhy

Олар халыққа жаппай вакцина салдыруға қарсы екенін айтқан болатын

Елордада Денсаулық сақтау министрлігіне келіп, ондағы қызметкерлерге қол көтерген бірнеше әйелге айыппұл салынды деп хабарлайды қалалық Полиция департаменті.

Оқиға 19 шілде күні болған еді. Коронавирус вакцинасын салдыруға қарсы шыққан бірнеше әйел министрлік ғимаратына басып кірмек болған.

«Олар өздерін агрессивті ұстады, турникеттерден аттап өтпек болып, полиция қызметкерлерін балағаттады, министрліктің қатардағы қызметкерлеріне су шашты. Министрлік өкілдері олармен ортақ тіл тауып, диалогқа шақырмақ болған әрекеті нәтижесіен бермеді, әйелдер оларға жұдырық ала жүгірді», - делінген Полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Тәртіп сақшылары мұндай әрекет үшін заң аясында жауапқа тартылатынын алға тартып отыр.

«Заңға қайшы әрекеті және бұзақылығы үшін алты әйелге айыппұл салынды. Олардың әрбірі 25 АЕК-тен төлеуі тиіс», - делінген полицияның хабарламасында.