$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.07.2021, 10:40
Қоғам

«Пансионатта тұрғаны - жалғыздықтан жақсы». Елордалық қария-бақшадағы жағдай

Елордадағы «Серебряный век» қария-бақшада қандай адамдар тұрады?

«Пансионатта тұрғаны - жалғыздықтан жақсы». Елордалық қария-бақшадағы жағдай

Қазақстан халқы қартайып келеді. БҰҰ Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) Демография, даму және гендер мәселелері жөніндегі жобалардың ұлттық үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова біздің елде қарт адамдардың үлесі артып келе жатқанын айтты.

«Ел демографиялық қартаюдың бастапқы сатысында тұр. Қазақстан салыстырмалы түрде жас ұлт болғанымен, халықтың қартаюынан туындайтын үрдістер мен салдарлар туралы алдын ала ойлау керек. Болжамдық есептеулерге сәйкес, қазір 65 жастан асқан қарт адамдардың үлесі 7,3 пайызды құрайды. Ал 2050 жылға қарай екі есе артып, 1990 жылдары Жапонияда немесе 1970 жылы Швецияда байқалған процесс Қазақстанда қайталануы мүмкін», - деген еді Ғазиза Молдақұлова.

Еуропа елдерінде қарттар өмір бойы тірнектеп жиған қаражатының бір бөлігін арнайы бөліп қояды: қарайтын бала, немере болмай қалса, күтушіге арнап сақтайды. Елордадағы «Серебряный век» қария-бақша һәм пансионат директоры Әлия Рущук қариялар санының артуымен дәл осындай үрдіс Қазақстанда да байқалып келе жатқанын айтады.

«Біздің менталитетке ауыр тиетін үрдістің бірі – қартайған ата-анасын пансионатқа әкеліп орналастыру. Себебі, ол ұят. Бірақ, сол «ұялмайсың ба?» деп айыптайтындар өздері денсаулығында ақауы бар қариялармен бір үйде тұрып көрмеген адамдар дер едім. Біріншіден, біздің орталық тастанды қарттарға арналған дәстүрлі «қариялар үйі» емес. Ақшасын төлеп, жақсы күтім болсын деп, ата-аналарын әкеліп тастайды. 44 қарияның тек біреуі ғана дені сау ата. Қалғаны – есте сақтау қабілеті төмен, қиын диагноз қойылған ата-әжелер», - дейді Әлия Ғабдулқызы.

«ПАНСИОНАТТА ТҰРҒАНЫ - ЖАЛҒЫЗДЫҚТАН ЖАҚСЫ»

Маманның айтуынша, бұл пансионатқа көбіне альцгеймер, Паркинсон синдромы, онкологиялық диагнозы бар немесе инсульт алған қарттарды балалары әкеледі екен.

«Яғни, мәжбүрліктен. Туғанынан ДЦП-мен ауыратын ата, дименсиялық аурулары бар қариялар немесе дені сау, алайда жас кезінде балаларымен бірге тұрмаған қариялар – біздің тұрақты тұрғындарымыз. Олардың балаларын, немерелерін айыптаудан аулақ болу керек. Себебі, адам басына түскенде ғана түсінеді.

Мысалы, бір әйел келіп, «кімге айтарымды білмеймін, мен анамды жек көріп кеттім» деді. Оған бірақ анасы кінәлі емес. Себебі, оның диагнозы – альцгеймер. Қызы да шаршағаны үшін кінәлі емес. Себебі, анасының есінен шығып кетеді де, қызын айыптай береді. «Үйді сатып жібересің, бәрін сатасың сен» деп айқай шығарады. Ал шын мәнінде қызының ондай ойы жоқ. Міне, осындай ауыр жағдайда қалғандар амалсыз келеді.

Диагнозы жоқтар да бар. Мысалы, қазір бір ата жатыр. Ол өмір бойы жалғыз тұрған. Балалары бөлек өскен. Қартайған шағында алыс өскен балалары ақшасын төлеп, атаны бізге орналастырды. Себебі, жалғыздықтан біздің пансионатта тұрғаны жақсы деп шешті», - дейді Әлия Ғабдулқызы.

Алматыда 2, елордада 1 орталықтан құралған пансионаттар желісінде жұмыс істейтін, көпжылдық тәжірибесі бар маман Әлия Рущуктың айтуынша, қариялардың 99 пайызы қайта балаға айналған.

«Біз оларды ұйықтатамыз, жуындырамыз, киімдерін, памперсін ауыстырып, тырнағын, шашын алып береміз. Психолог келіп, ұсақ моториканы дамытатын, есте сақтау қабілетін арттыратын әртүрлі қызықты жаттығулар жасатады. Көп уақыт бөлгенді, көңіл аударып, олардың жағдайын сұрағанды ұнатады. Тіпті, солай жазылып кеткен қарияларымыз да бар. Мәселен, біздің пансионатта жатқан әженің бірі 1 ай бойы ұйықтай алмай, ұйқысыздықпен ауырып келді. Ол өлген адамдардың әруағын көріп, айқайлап, қорқып, өте нашар жағдайға тап болған. Біздің пансионатта дәрілерін уақытында беріп, күтім жасап, жеткілікті көңіл бөлген соң, ол кісі қайтадан ұйықтай бастады. Қазір кәдімгі әже, ешқандай аурудың белгісі қалмады», - дейді Әлия Ғабдулқызы.

Күн жылыған соң, қариялар күнделікті далада серуендейді екен.

«Бос уақытында қариялар теледидар көреді. Ауа райы жылы болса, далада таза ауада уақыт өткізеді. Аптасына 3 рет би, дискотека өткізіп тұрамыз. Барлығы дерлік билегенді жақсы көреді. Ең белсенді әжелеріміз нарды, лато – үстел үстіндегі ойындарды ойнайды. Кітапханамыз бар. Кітап оқығанды жақсы көретін аталарымыз бар», - деді директор.

«АПАЙЛАРҒА РАХМЕТ»

Azattyq Rýhy тілшісі осы пансионатты 1 жылдан астам уақыт паналап отырған Жания есімді апамен тілдесті. 61 жасқа келген Жания апайға «шизофрения» диагнозы қойылған.

«Былтыр 24 шілдеде осы жерге келдім. Маған бұл жерде тұрған ұнайды. Таңертең оянып, тісімді жуамын. Одан кейін тәтті ботқа жеймін. Таңғы асқа неше түрлі ботқа жасап береді. Одан кейін далаға шығып, жүреміз. Нарды ойнаймыз. Жеміс-жидек жейміз. Апайларға рахмет. Егер біреудің туған күні болса, өте күшті болады. Бәрі көңілді жүреді», - дейді Жания.

Жас кезінде бухгалтер болып істеген Жания апай осы ауыр дертке шалдығып, қартайған шағында пансионатқа тап болды. Жания апайдың қызы анасына жиі келіп тұрады екен.

ПАНСИОНАТҚА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Орталықтың директоры Әлия Ғабдулқызы карантин шаралары салдарынан кейбір шектеулерге барып отырғанын айтты. Алайда, жергілікті тұрғындар тарапынан мұндай қарт-бақшаға сұраныс жоғары.

«Пандемия басталғанға дейін біздің пансионатта күндізгі стационар енгізу туралы ой болған. Алайда, карантин салдарынан күндізгі стационардың ашылуына жол бермедік. Сәуір айынан бастап адам толық. Сол себепті алдағы уақытта күндізгі стационар ашу, тағы да пансионаттар ашу жоспарда бар», - дейді Әлия ханым.

Орталықта қазір 30 шақты қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында хирург, терапевт, аспаз, санитар, күтішуілер бар. Сонымен қатар, УЗИ, анализ, ЛФК, массаж жасайтын дәрігер мамандар арнайы шақыртумен келеді екен.

«Карантин болғандықтан, кездесулер азайды. Дегенмен, туған күн, мерекелерде оларды балалары алып кетіп отырады. Біз оларды алып кетпеу туралы кеңес береміз. Себебі, жаңа ортаға бару да қариялар үшін стресс. Арамызда өздерін жұп санайтын да қариялар бар. Олар бала сияқты болғандықтан, біз мәз болып, жүрегіміз езіліп қараймыз. 10 жасар бала сияқты ғашық болады. Бір ата, тіпті, үйінде қалған әйелі – әже бар болса да, осы жерде басқа әжеге ғашық болды. Бірақ ол кісіде дименсиялық ауру болғандықтан, ол қалыпты жағдай», - деп мұндағы жағдайды пансионат директоры тәптіштеп айтып берді.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары