Алматы облысында басқарма басшысы 14 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді

Автор: Azattyq Rýhy

Пара берген бизнесмен де қамауға алынған

Egov.kz

Алматы облысы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді. Сондай-ақ, коррупциялық іс бойынша мердігер компанияның басшылары да тергеуге алынған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Басқарма басшысы ЖШС басшысынан 33 500 доллар (14 304 500 теңге) көлемінде пара алды деген күдікке ілініп отыр. Бұл келісілген негізгі сома – 90 миллион теңгенің бір бөлігі. Басқарма басшысы құрылыс компаниясына 666 миллион теңгенің тендерін жеңуіне көмектескен және алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын кедергісіз жүргізуіне, атқарылған жұмыстарды қабылдап алуға уәде еткен», - делінген аталған хабарламада.

Құқық қорғаушылар шенеунікті, ЖШС құрылтайшысы мен директорын ұстап, қамауға алды. Оларға пара алды және берді деген айып тағылып отыр.