ШұғылҚазақстанда бір тәулікте коронавирусты 7 мыңға жуық адамның жұқтырғаны анықталды

«Бұған әкімдік кінәлі»: СҚО-да тұрғындар егістік жерінен айырылып қалды

Заңгерлер болса мұнда жай құқық бұзушылық емес, ұйымдасқан қылмыс бар деп есептейді

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданына қарасты Балуан ауылының тұрғындары өздеріне тиесілі жер үлесіне қол жеткізе алмай жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын халыққтың жылжымайтын мүлкін жалға алған «Казипрохем Агро» серіктестігінің басшысы оны банкке кепілге қойып жіберген. Бұл жағдайдан бейхабар болған үлескердлр сан соғып қалды. Әділдік іздеп шарқ ұрған жер иелері жауапты мекемелер мен сот табалдырығын тоздырып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ЖЕР 25 МИЛЛИОН ТЕҢІГЕГЕ САУДАЛАНДЫ

300-ге жуық адам өз үлесінен айрылып қалған. 2009 жылы олардың жер телімдері келісімшарт бойынша «Казипрохем Агро» серіктестігіне өткен. Кейін бұл фирма басшысы халықтың келісімінсіз жерді банкке кепілге қойып, элиталық тұқым сатып алған.

«Кепілде тұрған мүлік банк иелігіне өтіп, кейін аукцион арқылы сатылып кеткен. Бірақ бізді бұл жайында ешкім құлағдар етпеді. Аудандық әкімдік те ескерткен жоқ. Халық жағдайды білмеуі үшін сол қалпында бұрын пайға төленіп келген 6 мың теңге жалғаса берді», - дейді пайшы Торғын Әбдірахманова.

Осылайша 286 адамға тиесілі 4 мың 300 гектар жер 2011 жылы үшінші тұлғаға 25 миллион теңгеге сатылады. Қарапайым халық осының барлығынан 10 жыл бойы бейхабар болған.

«Жерімізден айырылып отырған халықпыз. Сол үшін жұрт шулап жатыр. Қазір ауылға барғанда жүрегің ауырады. Ертең ел-жұртымызға, ұрпағымызға не көрсетеміз? Өте өкінішті жағдай болып тұр», - дейді шаруа Бақытжан Ғабдуллина.

Қазір 200-ден астам адамға 6 мың теңгеден дивидент беріледі. Күніне 16 теңе. Қалғандары бұл үлестен де қағылып отыр.

«Халық жағдайға ашынып отыр. Ақпан-наурыз айында жиналмақшы болдық Әкім мен прокурор тоқтатты. Жердің сатылғанын, оның заңды түрде бізге тиесілі емес екенін айтты. Біз жерді басқару құқығын өзгеге тапсыратындай ешқандай құжатқа қол қойған жоқпыз. Жиналыс хаттамасына қол қоймақ түгіл, көрген де жоқпыз. Бәрі әдейі жасалып отыр. Жалған құжатпен жерімізді тартып алды. Алдында «Балуан СК» серіктестігінің құрамында болдық. Одан шыққан кезде тұрғындардың барлығы өз үлестерін ауыл азаматтарының біріне сенімхатпен тапсырды. Әкімдік оны 49 жылға жерді пайдаланушы ретінде рәсімдеп, екі айдан кейін қаулы шығарып, «Казипрохем Агро» құрамына өтті», - дейді ауыл белсендісі Дихан Қаршалов.

Жерінен айрылған жұрт талай табалдырық тоздырыпты. Бірақ, сағызша созылған түйткілдің түйіні әлі де тарқатылмай келеді. Аудандық, облыстық деңгейде бірнеше рет сот болса да, нәтиже жоқ. Мәселенің мән-жайын білу мақсатында құзырлы органға сауал жолдадық.

«Балуан ауылының тұрғындары жер учаскесінің иесі емес. Олардың бұл пікірі қате. Бұл телімдерді мемлекет уақытша пайдалануға «Казипрохем Агро» серіктестігіне берген. 1995 жылы сотқа арыздануышлар жер үлесіне құқық иелері болған. Бірақ, 2009 жылы оны аталған серіктестікке берген. Осылайша өз құқықтарын жоғалтқан. Жер – мемлекеттік меншікте. Халық өздерінің шартты жер үлестерін басқару құқығын «Казипрохем Агроға» беру арқылы өздері де серіктестік құрамына өтті. Шаруашылық қарызға батқан. Сондықтан банк кепілдегі мүлікті өндіріп алған. Бәрі заңды», - делінген СҚО сотының баспасөз қызметі жолдаған ақпаратта.

«ХАЛЫҚТЫҢ ЖЕР ҮЛЕСІНЕН АЙРЫЛУЫНА ӘКІМДІК АЙЫПТЫ...»

Жергілікті адвокаттардан көмек болмаған соң, мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан заңгер сарапшылар шақыртылған. Олар сот шешімімен келіспейді. Себебі құзырлы мекеменің қарауына жіберілген құжаттардың барлығы қолдан жасалғанына шүбә келтірмейді.

«Жер кодексінің негізгі баптары бұзылып отыр. Мәселен шартты жер иелерінің қатысуынсыз жиналыс ұйымдастырылған. Жер ЖШС-ға сатылған. Жиналыс өткізбес бұрын БАҚ арқылы алдын-ала хабарландыру берілуі тиіс. Тұрғындардың кемінде 50 пайызының қатысуымен өткен басқосу заңды деп есептеледі. Ал бұл жиынға көп адам қатыстылылмаған. Шартты жер үлесін иеліктен шығару үшін ешкім тиісті сенімхат жазып бермеген. Істің материалдарын қарап отырсақ, нотариус тарапынан талай заңсыздық кеткен. Жалған материалдар, жалған хаттамалар рәсімделген. Жер кепілге қойылып отыр. Оған қажет үлескерлерің келісімі, хаттама жоқ. Пай иелері шартты жер үлесінен айрылып отыр. Тіпті, оның қайда кеткенін білмейді. Банкке кепілге қойылып, соңында қыруар қаржы үшінші тұлғалардың қолына өткен. Жерді иеліктен шығару үшін бәрінің келісімі болуы тиіс. Бұл жерде бір ғана заңбұзушылық емес, өте үлкен қылмыстық құрамы бар бірнеше іс-әрекетті байқаймыз. Жалған құжат әзірлеу, хаттама ұйымдастыру, заңсыз иеліктен шығару, сату, жалған құжаттарды әзірлеу, мүлікті кепілге қою. Бұның барлығын бір ғана серіктестік ұйымдастыра алмайды. Оған жер кадастры филиалының, әкімдік, жер қатынастары бөлімінің қатысуы бар. Адвокаттық сұраным жолдап, оның барлығын тексереміз. Өкінішке қарай, халық жерсіз қалып отыр», - дейді заңгер Бақытжан Базарбек.

Ал Шал ақын әкімі істің ақ-қарасын сот ажыратанына сенімді.

«Жерді халыққа қайтаруға мүмкіндіктің бар-жоғын айта алмаймын. Бұл мәселені сот шешеді. Біз тиісті жұмысты істеп жатырмыз. Заңгерлердің барлығын іске жұмылдырдық. Мәселе прокуратура бақылауында. Келесі сот көрсетеді, ары қарай не боларын. Ал жиналыста ешқандай хаттамаға қол қоймағанымыз шындық», - дейді Рахат Смағұлов.

Заңгерлер жер кодексі бұзылғандықтан жиналған материалдарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігіне беріп, қылмыстық іс қозғауды талап етпек.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Тегтер: