$ 523.2  594.3  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.07.2021, 16:57
Қоғам

Вакцинадан бас тартқан «қырсықтар» тұтас ұлттың саулығына зиян келтіруде – Тоқаев

Президент «антиваксерлер» туралы пікірін айтты

Вакцинадан бас тартқан «қырсықтар» тұтас ұлттың саулығына зиян келтіруде – Тоқаев
RT

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев антиваксерлер салдарынан қазақстандықтардың өміріне қауіп төнбеуі қажет дейді.

«Вакцина салдырғысы келмейтін адамдармен жұмыс істеуде сараланған тәсілдерді қолдану қажет. Себебі, вакцинациядан бас тарту себептері әртүрлі. Мұндай адамдардың арасында көптеген тартыншақ, қырсықтар бар», - деді Президент.

Ол азаматтарды вакциналаудың маңыздылығына сендіруге шақырды.

«Батыстың кейбір дамыған елдері сендіру әдістерінен мәжбүрлеу шараларына көшуде. Ірі еңбек ұжымдарының қызметіне байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, біз мұндай қадамдарға барып жатқан жоқпыз. Себебі қырсық антиваксерлердің шағын тобының салдарынан азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз», - деді Мемлекет басшысы.

Ол барша қазақстандықтарға өздерінің, жақындарының денсаулығын сақтауға шақырды.

«Коронавирустың жаңа толқыны жойқын. Соңғы бірнеше күнде біз жүздеген азаматымызды жоғалттық. Аймақтар бойынша ауруханаға жатқызылған науқастар саны күрт өсті. Барлық реанимациялық бөлімшелер іске қосылды. Қосымша дәрі-дәрмек мен жабдықтар сатып алынды.

Бұл күресте біздің аға буын зардап шегеді, одан да жаманы – балалардың ауырғаны.

Өзіңізді және жақындарыңызды осы қауіптен қорғаудың жалғыз жолы – вакцинация. Әлемдік медицина әлі басқа әдістерді ұсынған жоқ және жақын болашақта ұсынуы екіталай. Вакцина – бұл өзімізді және отбасымызды қорғаудың жалғыз мүмкіндігі. Біздің балалар біздің қателіктеріміз үшін ақы төлемеуі керек! Бейбіт уақытта жақындарыңызды жоғалтпау керек.

Мен еліміздің әрбір азаматына «өз денсаулығыңызды, туыстарыңыз бен жақындарыңызды қорғаңыз!» деймін. Үкімет те, өңірлердің басшылары да қойылған барлық міндетті орындауға тиіс», - деді Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің, ведомстволар басшыларының, қалалар мен облыстар әкімдерінің қатысуымен елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде жұмыс кеңесін өткізіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары