Жамбыл облысындағы жолдарда жыл басынан бері 169 адам қаза тауып, 2 мыңға жуық адам жарақат алған
Еліміз бойынша Жамбыл облысында жол-көлік оқиғасы ең көп тіркеледі, деп жазады «Хабар 24».
Өңірде биылдың өзінде жол апатынан қаза болғандар саны 28 пайызға өскен. Жүргізілген зерттеуге сәйкес, аймақ жолдарындағы әрбір үшінші жол апаты жылдамдықты шамадан асыру салдарынан болатыны анықталған. Қайғылы деректерді азайту және алдын алу мақсатында облыста автоматтандырылған мобилді кешен іске қосылды.
Үстіне қондырғылар орнатылған 10 патрульдік автокөлік енді күндіз-түні жұмыс істейді. Жол қозғалысын бақылап, ереже бұзғандарды анықтайды. Мобилді кешен Түркістан облысының шекарасынан бастап, Қордай ауданы мен Мойынқұм аудандары аралығында кез келген жерге қойылады.
«Мобилді кешен облыс аумағындағы жол көлік оқиғасының көп болатын аумақтарында қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылдың 20 желтоқсанынан бастап, бір ай көлемінде тестік режимінде жұмыс істейтін болады», – деді облыстық ПД бастығы Арман Оразалиев.
Заманауи аппарат 160 миллион теңгеге сатып алыныпты. Жаңа кешен негізінен жылдамдықты шамадан тыс асырғандарды анықтайды. Сонымен қатар, ұрланған немесе іздеудегі көлік, айыппұл төлеуден жалтарған борышкерлерді анықтауға да мүмкіндік береді екен.
«Біз тұрған жерден 30-35 метр қашықтағы автокөліктердің мемлекеттік белгісін анық түсіреді. Тек орнатып кетсек болды, қондырғы өзі автоматты түрде жұмыс істей береді. Біз тек экранға қарап отырамыз. Сигнал берілген жағдайда, сол автокөліктің артынан еріп тоқтатамыз», – деді патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Ғалым Жұмаханұлы.
Жалпы, облыс жолдарында жыл басынан бері 169 адам қаза тауып, 2 мыңға жуық адам жарақат алды. Дені жылдамдықты асырудың кесірінен болған
«Бұл тасжол 2015 жылы пайдалануға берілген. Сол кезден бастап жол-көлік оқиғаларының саны кеміген жоқ. Өйткені, көлік иелерінің көбінде ешқандай жауапкершілік, тәртіп жоқ. Ал бұл шара жүргізушілер тәртібіне ықпал етеді деп ойлаймын», – дейді қала тұрғыны Жанна Мамашева.
Жылдамдықты шамадан тыс асырып түскен жағдайда, барлық дерек автоматты түрде арнайы орталыққа түседі. Сонымен қатар, дәл осы бейнедеректер Бас прокуратураның бірыңғай базасына да тіркеледі. Ал бұл операциялардың барлығы полиция қызметкерлерінің ешбір араласуынсыз жүзеге асырылады. Яғни, осы арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу да көзделіп отыр.