Шымкентте 348 мұғалім жалған сертификат жасатып, екі жыл бойы мемлекеттен үстемақы алып келген

Автор: Azattyq Rýhy

Үкіметке 194 млн теңгеден астам зиян келтірген күдіктілерге қатысты іс сотта қаралып жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Шымкентте 348 мұғалім жалған сертификат сатып алды деген күдікке ілінді. 2018-2019 жылдары педагогтер өз санаттарын осылайша жоғарылатуды көздеген. Сонымен қатар, мемлекеттен төленетін үстемақыны да алып отырғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Тексеріс нәтижесінде көптеген педагогтің аттестациядан өтпегені, тіпті тестілеу орталығына келмей, құжатты сатып алғаны белгілі болды. Ал қала мектептерінің бірінде директор қызметін атқарған ұстаз осы іске қатысы бар күдіктілердің бірі болып шықты. Мұғалімдердің 80 пайызы екі жылдың ішінде алған үстемақыларын бюджетке қайтарып үлгерген.

«2018-2019 жылдары Шымкент қаласының 348 педагогі «тестілеуден өтті» деген жалған құжаттарымен осындай санаттарға ие болған. Осылай үкіметке 194 399 000 теңге қаржы көлемінде зиян келтірген. Сонымен қатар, Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы Досжанов Қасымхан және сол кездегі №79 мектептің директоры, оқу ісінің меңгерушісі болған Қарабаева Айнұр деген азаматтар күдікті деп танылды. Қазір істі Әл-Фараби аудандық соты қарастыруда», - деді Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.

Жанат Тәжиеваның сөзіне сенсек, жалған куәлік алып, басы дауға қалған мұғалімдер біліктіліктерін дәлелдеуі үшін сынақтан қайта өтуі мүмкін. Бірақ бәрі де сот шешіміне байланысты болмақ.