Олардың біразына жергілікті билік жұмыс та тауып бермеген
Солтүстік Қазақстан облысына «Еңбек» бағдарламасы бойынша көшіп барған азаматтар үйлердің сапасына тағы шағымданды. Нұр-Сұлтаннан Мамлют қаласына қоныс аударған отбасына берілген баспананың жағдайы сын көтермейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Елімізде 2017 жылдан бері нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асып келеді. Көзделген мақсат – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы сынды жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті азаматтарды тарту.
Солтүстікке үмітпен қоныс аударғандардың бірі – Ақерке Нұрғалиқызы. Ол әлеуметтік желіде мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына тиісті жағдай жасалмай жатқанын хабарлады.
«Еңбек» бағдарламасы арқылы астанадан қоныс аударып едік, енді өкініп отырмыз. Беріліп жатқан үйлердің жағдайы өте нашар. Қанша халық теледидардан осы «Еңбек» бағдарламасын естіп, қоныс аударып жатыр, бірақ үйдің жағдайын көріп қайта көшіп кетеді. Ал мында 3 жақсы үй бар, соның бірі бізге беріледі дегеніне бір апта болды. Бірақ бұл әлі әкімшіліктің қолына өтпеген үй. Оның кішкене аз ғана жұмысын бітіріп беруге ешкімнің уақыты жоқ. Айғай-шумен әлі жүрміз. Бәрі бір-біріне сілтеп жатыр. Бос әңгімесі көп, іске келгенде ештеңе бітіріп жатқан жоқ», - деп жазба қалдырды ол Facebook әлеуметтік желісінде.
Шағым бойынша хабарласқан Azattyq Rýhy тілшісіне Ақерке Нұрғалиқызы жолдасына жұмыс табу да қиын болып жатқанын айтты.
«Күйеуім жоғары білімді журналист. Аудан атқамінерлері бізді осында «жұмыс бар» деп көшіріп әкелді. Енді сөзінен тайқып отыр. Жергілікті редакцияда бос орынның жоғын айтып, Ғабит Мүсірепов ауданына көшуді ұсынды. Ол мұғалім болуға да дайын. Сол жақта жұмыс табылатынын айтты. Өзімнің медициналық мамандығым бар. Бірақ әзірге декреттемін. Көшіп келгенімізге өкініп қалдық», - деді ол.
Жуырда Айыртау және Есіл аудандарында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған үйлерде Президент тапсырмасы бойынша тексеріс жүргізілген болатын. Құрылыс сапасын дұрыс қадағаламағаны үшін қос әкім, Дархан Амрин мен Алтынбек Абдоллаев қызметінен босатылған еді.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан 7076 адам, яғни 2180 отбасы көшіп келген. Солардың бірі Ақерке Нұрғалиқызының отбасы. ОЛ жұмыс табылмаса, келген өңіріне қайта кетінін айтып отыр. Егер, қоныс аударушылар келісімшартта көрсетілген мерзім толығымен өтемей-ақ, шығу өңіріне қайта оралу туралы шешім қабылдаса, ерікті түрде мемлекет тарпынан берілген субсидияларды қайтарады. Қайтармаған жағдай туындаса, Жұмыспен қамту орталығы шығу өңірінде тұрақты тіркелген мекенжайына хабарлама жолдайды, хабарлама жауапсыз қалған жағдайда сотқа жүгінетін болады.
«Жұмыс күші артық өңірлерден көшіп келген отбасылар өңірлік квотаға енгізілгеннен кейін Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу бойынша мемлекеттік қолдау көрсету туралы үшжақты Әлеуметтік келісімшарт жасалады. Ол келісімшартта тараптардың құқықтары сонымен қатар, міндеттері де көрсетіледі. 2020 жылдың маусым айына дейінгі мерзімде әлеуметтік келісімшарт мерзімі – 1 жыл болған, кейін өзгерістер енгізіліп, мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды. Осы мерзім ішінде әлеуметтік келісімшартта көрсетілген міндеттерді толық немесе ішінара орындамағаны үшін тараптар жауапкершілікке тартылады», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз хатшысы НАзерке Тасқұлова.
Азаматтарды қоныстандыру, жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына қажеттілігі есепке алынуымен, мемлекеттік қолдау шараларын берумен, көшуіне әр отбасы мүшесіне 2021 жылдың мамырынан бастап 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде субсидия, сондай-ақ қоныс аударғандар үшін баспана жалдау мен коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды өтеуге ай сайын он екі ай бойы 15-тен 30-ға дейін АЕК мөлшерінде субсидия төленеді Әр отбасына жылына есептелген сома шегінде тұрғын үйді сатып алу үшін біржолғы субсидия сомасын төлеуге жол беріледі.
Аталған басқарма мәліметінше Солтүстік Қазақстанда 1500 – ден астам бос жұмыс орны бар, оның ішінде мұғалімдер, дәрігерлер, ветеринарлар, агрономдар, зоотехниктер, жоғары өнімді техникаға жүргізушілер мен механизаторлар, техник-механиктер сынды тағы басқа мамандар тапшы.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО