Бұл сұраққа бір топ маман әлеуметтік зерттеуде жауап беруге тырысқан
Қазақстандықтар арасында қай елдердің жоғары оқу орындары сұранысқа ие? «Стратегия» зерттеу орталығының жетекшісі Гүлмира Илеуова Мәскеу мемлекеттік университетінің ақпараттық-талдау орталығына сұхбат беріп, аталған сұрақтың жауабын беруге тырысты.
Зерттеу орталығының мамандары қазақ жастарының шетелге кету себебін үш жыл бойы зерттеп, «Зарубежная образовательная траектория казахстанцев: между стереотипами и прагматизмом» атты кітап басып шығарған. Кітаптың тұсаукесері маусым айының ортасында Алматыда өткен еді.
Гүлмира Илеуова аталған тақырыпты бір топ маман зерттегенін айтады. Зерттеудің басты міндеті – қазақстандықтардың шетелге білім алуға кетудегі мотивтері жан-жақты талдау. Зерттеу әдістері бірнеше болды дейді әлеуметтанушы: шетелде білім алып жатқан студенттермен жүргізілген сауалнамалар, фокус-топтар және тереңдетілген сұхбаттар.
«Студенттердің [қазақстандық] едәуір бөлігі, яғни 70 мыңға жуығы Ресейде білім алып жатқаны анықталды. Қытайда оқитындардың үлесі 15 мыңның шамасында. Басқалары Батыс Еуропа мен АҚШ университеттерінде білім алуда», - дейді зерттеуші өз сұхбатында.
Илеуованың айтуынша, білім миграциясы жалпы әлемде тараған үрдіс, ол еш жаңалық емес. Өз елінен кетіп, шетелге білім алуға талпынатындардың үлесі жылдан жылға өсіп келеді. Қашықтан оқыту бұл үрдіске өз әсерін тигізуі мүмкін. Шетелде білім алып жатқан қазақстандықтардың саны түрлі мәліметтерге сәйкес 100 мың адам шамасында.
Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қазақстандықтар арасында білім миграциясына және таңдауына әсер ететіні – репутация мен имидж факторы. Зерттеушінің айтуынша, сауалнамаға қатысқан студенттер отандық білім беру жүйесінің «нашар» екенін және жоғары стандарттарға сай келмейтінін айтқан. Екінші фактор – шетелдік оқу орындарының тартымдылығы. Студенттер шетелде білім Қазақстанның ішінде де, одан тыс жерлерде де мүмкіндіктер есігін ашады деген оймен кетеді.
«Біз қазақстандықтардың оқитын шетелдік университеттерін талдадық және оларды әлемдегі әйгілі, мықты университеттердің рейтингісімен салыстырып көрдік. Түйін: қазақстандық студенттер көп жағдайда рейтингісі жоғары және беделді оқу орындарында оқиды деп айту қиын. Бұл әсіресе қытайлық университеттерге қатысты: олар ешқандай рейтингтер мен тізімдерге кірмейді», - дейді Гүлмира Илеуова.
Әлеуметтанушының айтуынша, зерттеу барысында тағы анықталған фактор – студенттердің шетелге тұрақтау, яғни көшу ниетімен кетуі, Жастар барған жеріне тұрақты орналасуға алдын ала дайындалып барады. Тіпті, бұл шешім отбасымен келісілген, ал университетке түсу – көшудің алғышарты. Бұл үрдіс, зерттеушінің айтуынша, ресейлік университетке кетушілердің арасында тараған.
Студенттердің тағы бір категориясы (магистранттар, докторанттар) шетелде жұмыс істеп, қаржы жағынан аяққа тұрып, кейін Қазақстанға оралғысы келеді екен. Алайда, бұл категорияда да шетелде ұзақ уақытқа тұрақтап, жұмыс істеп, Қазақстанды сирек еске алатындар кездеседі.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қаржылай және экономикалық факторлардың да білім миграциясына ықпалы мол. Сауалнамаға қатысушылар білім алып жатқан елдерінде оқу ақысының төмен немесе тегін екенін, грант және стипендиялық бағдарламалардың бар екенін айтқан. Сонымен қатар, өмір сүру де қымбат емес деген. Бұндай пікірлерді көбіне Шығыс Еуропада оқып жатқандар айтқан. Батыс Еуропа елдерімен салыстырғанда студент еуропалық білімді Шығыс Еуропа елдерінде едәуір қолайлы бағамен ала алады.
Зерттеуге қатысушылар сыбайлас жемқорлық мәселесін де айналып өтпеді. Олардың айтуынша, отандық университеттерге түсу үшін пара беруің қажет. Алайда, Гүлмира Илеуова студенттер нақты өздері немесе жақындары куә болған жемқорлық фактілерін келтіре алмады дейді.
Жалпы, сауалнамаға қатысқан респонденттердің 50 пайыздан астамы оқу орны мен елді өздері таңдағанын айтқан.