Үнді штамынан денеде қара зең пайда бола ма - маман жауабы

Автор: Azattyq Rýhy

Ғалымдардың айтуынша, мутацияның жаңа түрі өте жұқпалы және тез таралады

Коллаж

Коронавирустың мутацияланған үнді штамы Қазақстанға да жетті. Соңғы статистика деректері бойынша, қазір Алматыда вирустың бұл түрін жұқтырғандар саны – 10 адам, Нұр-Сұлтанда қосымша тексеруге 54 науқастың сынамасы алынды. Олардың ішінде пациенттердің 56%-ында үнді штамының (Дельта штамы) ықтималдығы анықталды.

Ғалымдардың айтуынша, мутацияның жаңа түрі өте жұқпалы және тез таралады. Ал, оны жұқтырған адамдарда қара зең пайда болуы мүмкін деген болжамды реаниматолог-дәрігер Ғабит Нұрханұлы жоққа шығарды.

«Қара зең тек ковидтен кейінгі асқыну жағдайында болуы мүмкін. Ол - қышымалы ауру, коронавирус - вирус. Біздің өзімізде ковидтен кейінгі менингит, туберкулезбен ауырып жатқандар жетіп жатыр.  Яғни, коронавирус жұқтырған адамдардың кейбірінде иммунитет әлсірегеннен басқа аурулар қозады. «Грибковый» аурулар әдетте антисанитария болған жерде таралады. Біздің елдегі тазалық деңгейі Үндістандағыдай емес. Алдымен Уханнан шыққан «қытай штамы» деді, кейін «италиялық штамм қытай штамынан да қауіпті» деді, одан кейін британдық штамм одан да қауіпті екенін айтты. Қазір өзіміз көріп отырғандай, үнді штамы бәрінен де қауіпті деген ақпарат тарап жатыр. Әр елдің өзіне тән қауіпті штаммы бар, теориялық түрде бәрі бір вирус. Ал, оны мемлекеттің атымен атау саясатқа жақын. Екпені әркім өзі үшін алады, оның қай штамға қалай әсер ететінін ешкім білмейді», -деді маман.

Ал, үндістандық пульмонолог Ужжвал Парахтың мәліметінше, коронавирустан кейін «қара зең» дертінің пайда болуына ковидты емдеуде қолдынылған препараттар себепші болып отыр.

«Бұл ауруды емдеу үшін зеңге қарсы препараттар қажет, сонымен қатар, хирургиялық әдістер қолданылады. Себебі, дәрілердің көпшілігі оны емдеуде тиімсіз. Ауруды емдеуді неғұрлым ертерек бастаса, науқасқа келетін залал соғұрлым аз болады. Инфекция тараған сайын ағза тіндерін зақымдай береді. Коронавирустың ауыр формасын емдеу кезінде қолданылатын препараттардың бірі - стероидтар. Науқастарға бірнеше стериод тағайындалады, сонымен қатар, науқастар көптеген иммунодепрессант қабылдайды. Салдарынан мукормикоздың пайда болу қаупі жоғары», - деді маман.

Айта кетейік, мукормикоз алғаш рет Үндістанда анықталды. 1 маусым Иракта қара зең жұқтырып, қайтыс болғандар тіркелді. Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, Ди-Кар провинциясында төрт адам осы ауруды жұқтырып, екеуі көз жұмған. Олардың барлығы коронавирустан жазылып шыққан адамдар.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан