«Қоршаудың орнына ор қазып тастаған»: Алматы облысында кәсіпкерлер жер үшін соттасып жатыр
Кәсіпкерлер арасындағы шекара дауынан құзырлы органдар да хабардар
Алматы облысы Жамбыл ауданы Қасымбек елдімекенінде екі шаруа қожалығының иесі үш жылдан бері жер дауына нүкте қоя алмай келеді. Аумағы 500 гектар жерге иелік ететін Телман Мамедхасинов есімді кәсіпкер жерін қоримын деп, егістік аумақты айналдыра қазып тастаған. Ол бұл әрекетке көршілес орналасқан шаруа қожалықтары шекараны сақтамағаны үшін бардым, деп түсіндіреді. Егістік және мал шаруашылығымен айналысатын шаруа ашық жатқан жерге өзгелер малын бағып, егістікті мал тұяғымен таптап тастайды. Тиісінше жылда шығынға батып отырмын. Сондықтан ұзындығы бір шақырым жерді айналдыра қазып тастауға мәжбүр болдым дейді.
«Менің мына қапталымда орналасқан Нұрәділ деген азамат жерін жалға береді. Осының алдында 400 қой ұстаған. Жалға алушылардың бірі жайылым жетпеген соң менің жеріме малын айдады. Қанша рет әкімдікке де, полицияға да арыздандым. Келіп жер иесі Нұрәділмен сөйлесіп ескерту жасайды. Бірақ одан нәтиже жоқ. Жергілікті әкімдік бұл жағдайдан хабардар. Үш жыл болды, осы мәселе шешімін таппаған соң жерді айналдыра ор қазуға мәжбүр болдым.
Олар менен мал айдап өтетін жер (прогон) сұрады. Мен жер қалдырдым. Ал қазуды бастағанда олар маған келді. «Мейлі, жеріңді қоршап жатырсың. Ендеше біз мал айдап өте алатын жер, Қарасай ауданы жағынан 20-40 метр жер қалдыра аласың ба»,- деді. Мен «оған да келісемін, жақсы» деп кері шегіндім. Енді маған үстімнен қайта-қайта арыз жазып, қоймай отыр»,- дейді Телман Мұхамедхасинов.
Фотода Телман Мамедхасинов
Жамбыл аудандық жер қатынастары басқармасы кәсіпкерлер арасындағы шекара дауын сырттан бақылап отырған жоқ. Ірі шаруа қожалығы иесінің шағымы бойынша мемлекеттік органдар тексеру жүргізіп, «Нұрәділ» қожалығының иесі Нұрәділ Рахметоллаға ескерту жасапты. Қоңсылас отырған аумағы отыз гектардан астам жер қазір қыспақта қалған. Оның иесі де құзырлы органдарға шағымданып, тереңдігі 3 метр орға мал түсіп, аяғы сынып жатқанын айтқан.
«Бұл аймақта Нұрәділдің 33 гектар жері бар. Біз қазір жер дауы бойынша әкімдік тарапынан тексерулер жасадық. Заң талаптары бойынша бір гектар жерге 3 малдан артық бағуға болмайды деген бар. Алайда оның малы мұнда артық. Егістік жерлер жекеменшік құқығында болған соң мал кіргізуге, жол салуға, таптауға басқаның құқығы жоқ. Телман жерін қоршауы керек. Бірақ қазып тастауға болмайды. Ол мал үшін де, адам үшін де қауіпті. Екі тарапқа да тиісті ескертулер жасадық»,- дейді Алматы облысы Жамбыл ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Байболатов.
Жағдай ушығып кетпес үшін бұл мәселе учаскелік полицияның бақылауына алынған. Шолаққарға селолық округінің учаскелік полиция инспекторы Телман Мұхамедхасиновтың арызы бойынша малын шекарадан өткізіп жаятын Нұрәділ Рахметоллаға бірнеше ескерту жасаған. Айыппұл салмаса да, екі рет ескерту қағазын жазып бергенін айтады.
«Бізге осымен бірнеше шағым түсті. Ол көбіне мына Телман есімді азаматтан келді. Оның айтуынша, «Нұрәділ» шаруа қожалығының малы егістікке түседі және шабындық жерлерді таптап жатыр. Ол кісімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бірнеше ескерту жасалды. Соған қармастан осы мәселе қасақана қайталанып жатыр. ҚР ӘҚК 147 бабы негізінде хаттама толтырылып, енді айыппұл салатын боламыз»,- дейді учаскелік инспектор Еділ Тауырбеков.
Фотода Еділ Тауырбеков, учаскелік инспектор
Малым біреудің қазған орына түсіп, мерт болып жатыр деп шағымданған Нұрәділ Рахметолла қазір қорасын жалға беріп, бөтен біреулер мал асырап отырғанын айтады. Ал егінге түсіп жатқан малға менің қатысым жоқ. Біз ірі-қара малды қорада ұстаймыз. Бірақ суға айдап барғанда Телман Мамедхасинов қазып тастаған шұңқырлардан өте алмай әуре боламыз, сондықтан біздің талабымыз оны көмсін дейді. Ел сияқты жердің бетімен қоршау жасауға болар еді деген өкпе-назын жеткізді.
Фотода Нұрәділ Рахметолла
«Телман Хасеновтың айтып отырғаны, яғни оның жеріне мал түсіп жатыр дегені жала. Менің шаруа қожалығымдағы мал жайылымда емес. Бұл қора-жайды бір кәсіпкер алып, Құрбан айт мерекесіне мал бордақылауға жалдады. Ол малдар сыртқа шыққанның өзінде өз аймағымдағы көлге түсіп су ішеді. Қораға қайтады. Ал менің талабым - Телман қазып тастаған жерін қайта жауып тастасын. Ол жер табиғатқа да, малға да, адамға да үлкен зиянын келтіріп тұр. Бұл маңда көл бар еді, соған мал барып су ішуші еді, оған да кедергі келтіріп отыр»,- дейді текетіреске себепші болған шаруа Нұрәділ Рахметолла.
Өзара мәмілеге келе алмаған соң тараптар соттасуға бел буыпты. Ірі жер иеленуші заңгер жалдап, Қарасай аудандық сотына талап арыз түсірген. Құзырлы органдар тиісті қорытынды беріп отыр. Заңгер Нұржан Мақсатовтың айтуынша, аудандық әкімдік жанындағы жер қатынастары бөлімі «Нұрәділ» шаруа қожалығының талабы заңсыз екенін, ал «Телман» шаруа қожалығы мүддесін сотта қорғаса болады деген уәж келтірген.
«Заңға сүйеніп айтатын болсақ, «Нұрәділ» шаруа қожалығы мен Телман Мамедхасинов арасындағы текетіресті сотпен шешуге болады. Бұл даулы аймақты Мұхамедхасинов жекеменшікке сатып алыпты. Ал оның қазып тастаған траншеялары өз аумағында жатқаны белгілі болды. Ал «Нұрәділ» шаруа қожалығының жеріне өтпеген. Демек үшінші тұлғаларға зиян келтіріп отырған жоқ. Жер кодексіне сәйкес те қарама-қайшылықтар таппадық.
Бұл жайылым жер емес, арпа, бидай өсіруге арналғандықтан, өзге біреу малын бағуына болмайды. Біз аталған шаруа қожалығына қарсы сотқа талап арыз бергенбіз. Онда мал бағуды тоқтатуды сұрап отырмыз. Жақында бұл іс сотпен шешіледі деп отырмыз. Құзырлы органдар, жерге байланысты мемлекеттік органдардың өкілдері өз сараптамаларын берді. Біз соның негізінде сотқа қатысатын боламыз»,- дейді заңгер Н.Мақсатов.
Фотода Нұржан Мақсатов, заңгер
Аумағы бір мың метр жерді қазып тастаған Телман Мамедхасинов жақын уақытта орды жауып, талапқа сай қоршау жасауға уәде беріп отыр. Бірақ қоңсы орналасқан кәсіпкерлердің тарапынан шағым болмас үшін мәселені сот арқылы шешуді де көздейді. Кімнің талабы дұрыс деген мәселеге аудандық сот нүкте қоюы мүмкін.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы