$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.06.2021, 16:43
Қоғам

«Ақшаға да, уақытқа да үнем». Газға қосылған елордалық тұрғындар нәтижесін айтты

Нұр-Сұлтанда 5 мың тұрғын газ желісіне қосылған

«Ақшаға да, уақытқа да үнем». Газға қосылған елордалық тұрғындар нәтижесін айтты
Azattyq Rýhy / Алиакпар Қадырбаев

Биыл елордада 317 шақырым газ желі салынады, оның 170 шақырымы бірінші жартыжылдықта салынды. Жуырда ғана қала әкімі Алтай Көлгінов «Таяу жылдары елорда толықтай газға қосылады. Қалаға газ желісін жүргізу экологияны біршама жақсартуға септік етеді, себебі жеке сектордағы тұрғындар енді үйін жылыту үшін көмір емес, газ пайдаланады. Сонымен қатар қауіпсіздік те түзеліп, азаматтардың тұрмыс жағдайы жақсарады», деп мәлімдеді.

Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтандағы газдандыру жұмыстары қалай жүріп жатқанын білу үшін жуырда ғана толығымен газға қосылған Көктал-1 ауданына барып, қаланы газдандыруға жауапты маман, аудан тұрғындары және экология саласының сарапшысымен тілдесіп қайтты.

«ОТ ЖАҒЫП, КҮЛ ШЫҒАРУДАН ҚҰТЫЛДЫҚ»

Көктал ауданының тұрғыны Сайран Накупова былтыр ғана үйіне газ кіргізген. «Астананың алты ай қысында тапқан табысымның жартысы отын мен көмірге жұмсалып, газ келіп, қолымыз жылы суға малынды» дейді тұрғын.

«Астанада қыс алты айға созылатынын білесіз. Өмір бойы осында тұрып келе жатырмын. Екі жылдан бері газ келіп, қалада өмір сүретінімізді сезініп жатырмыз. Бір шетінен көмірге де үнем болды, қыста 120 шаршы метр үйге 18-20 мың төлеймін, 40 градус аязда 22-25 мың теңге төлеп жүрдім. Газ келмей тұрып ай сайын 2-3 тонна көмір жағатынбыз. Қазір от жақпаймыз, көмір тасымаймыз, күл шығармаймыз. Уақытымызға да үнем, қыстың суығында ешкім таң атпай пеш жақпайды», - деді ол.

Сайран Накуповаға газды жалпы құны 380 мың теңгеге кіргізген.

«Монтаж жүргізу жұмыстарына 150 мың теңге төленді. Мен пешті қымбатқа (230 мың теңгеге) алып қойдым. Қазір ол пештер 90 мың теңгеден тұр. Пешін қымбатқа алып, газ кіргізу үшін 700 мың, 1 миллион теңгеге дейін шығынданғандар бар», - дейді тұрғын.  

12 жылдан бері Көктал ауданында тұратын Әлішер Егінбаевтың айтуынша, газ кіргізгелі аудандағы ауа сапасы да түзелген.

«Бұрын Көкталға кіріп келе жатқанда мұнарланған көк түтін болатын, қазір біршама тазарды. Газ келгенге дейін көшедегі қардың беті қара түтіннен көрінбейтін еді, қардың беті аппақ болып жатады», - деді ол.

ГАЗ ҮШ КЕЗЕК БОЙЫНША ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі отын-энергетика ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұловтың айтуынша, қазірдің өзінде 5 мың тұрғын газ желісіне қосылған.

«Біз - Нұр-Сұлтан қаласындағы газ таратушылар желісінің тапсырыс берушісіміз. Астанада магистральді Сарыарқа газ құбыры 2019 жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Қаламызда екі автоманттандырылған газ жеткізу станциясы салынды. Біреуі шыға берістегі Көкшетау станциясында, екіншісі Шұбар ауданындағы «Балқарағай» демалыс аймағында салынды. Ары қарай ТЭТЦ-тардың ішіне кіргізу жұмыстарын біз жүргіздік. 19 жылдың қыркүйек айында жұмыстарды бастадық, былтыр 350 шақырым салдық. Көктал тұрғын алабына дейін жеткізуші құбырдың 10 шақырымын салдық. Қазіргі таңда ТЭТЦ-3 құрылысы жүргізіліп жатыр. Бірінші кезек бойынша, қаланың ішіндегі ең үлкен аудандардың 12 мың тұрғыны толықтай газға қосу мүмкіндігін иеленеді. Қазірдің өзінде 5 мың тұрғын газға қосылып отыр. 4 мың тұрғынға газ құбырын жеткіздік, бірақ нысанды толық шығармадық», - деді маман.

2017 ЖЫЛЫ ДАБЫЛ ҚАҚҚАН ЭКОЛОГТАР

2017 жылы Нұр-Сұлтандағы ауаның ластануын азайту үшін, газ кіргізуді ұсынып Президентке дейін хат жазған Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікқызы газдың көмірге қарағанда әлдеқайда таза энергия көзі екенін айтады.

«Газды жаққан кезде көмірді жаққандай қатты бөлшектер мен күкірт оксиді бөлінбейді. Газ - көмірге қарағанда әлдеқайда таза энергия көзі. Қазір орталық, солтүстік, шығыс өңірлерінде жылыту қазандықтары салдарынан ауаның ластануын азайту үшін көмірден газға көшуіміз керек. Жылыту қазандықтарын ғана емес, жеке үйлерді, қаланың ішінде орналасқан қонақүй, мейрамхана, кафе сынды ғимараттарды да барынша газға көшіруді қолға алу керек. Оны алып қана қоймай, белгілі әлеуметтік осал топтарға газ кіргізуге мемлекет жеңілдік жасауға тиіс», - деді ол.

ЖЕҢІЛДІК КІМДЕРГЕ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

Әкімдік әрбір үйге дейін көшенің бойымен газ құбырын тегін тартады. Әрі қарай ішке қосу заң бойынша әрбір тұрғынның өзінің міндеті.

«Қазір нарыққа шыдап, өз істерін адал істеген 10 компания қалды. Барлығын есептегенде газ кіргізу 500-600 мың көлемінде шығып кетеді. Енді үйдің көлемі үлкендеу, қожайынның пешке қатысты талғамы басқаша болса, одан да көп шығын болуы мүмкін. Сондай-ақ, жобада газға қосылған әрбір адамға есеп құрылғыларын тегін беру қарастырылған. Ол құрылғылар заманауи, пульт арқылы басқарылады. Есепті алу үшін мамандардың бұрынғыдай үйіңізге келуі міндетті емес, бәрі қашықтан жіберіледі. Әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедектерге 263 мың теңгедей көмек қарастырылған. Бүгінде 40-қа жуық үй осы көмекті алды», - деді Мақсат Есмағұлов.

Айжан Бақдаулетқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары