Алматыда Құрамыс шағынауданы тұрғындары құрттап кеткен су ішіп отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Әкімдік құбыр тарту жұмысын бастап, аяқтамай кеткен

Алматының Наурызбай ауданына жаңадан қосылған Құрамыс шағынауданының халқы паразитке толы су ішіп отырмыз деп шағымданды. Елдімекенде ауыз су мәселесі расымен де проблемаға айналған деп хабарлайды «Евразия» телеарнасы.

«Біздің көше осы аудандағы ең жақсы көше саналады. Біз өзіміз ақша жинап асфальт төсетіп, су тартқызып алғанбыз. Бүкіл инфрақұрылымды өзіміз тарттық. Қалаға қосылғаннан кейін өркениет келді: кәріз құбырын қосты, қаладан су келді. Біз алғашында қатты қуанғанбыз. Проблемаға 1,5 жыл бойы шыдаммен қарадық. Алайда, билік проблеманы шешпейтін секілді», - дейді жергілікті тұрғын Екатерина Хишанло.

Оның айтуынша, қазір шағынауданда тек ағынды су бар. Бірақ, оны фильтрмен тазалаған күнніз өзінде ішуге жарамсыз екен. Сондықтан халық дүкеннен су сатып алып ішіп отыр.

Мұнда кәріз жүйесі де күрделі проблемаға айналып келеді. Ол тартылғанымен, әлі қосылмаған. Десе де, қырда тұратын тұрғындар оған өз еркімен қосылып алып, нәжістің бәрін төменге қарай ағызып жатыр. Лас су кнаализация шахтасына жиналып қалған.

Халықтың мұңын тыңдаған жергілікті билік «өздерің ақша жинап, қалған жұмысты өздерің бітіріп алыңдар» деген көрінеді. Тұрғындар қазір құбырларды өз күшімен тартып жатырмыз дейді.

Ал, әкімдіктегілер болса ауыз су мәселесін шешу үшін Қарғалы өзенінде фильтрлеу станциясын салып жатқанын айтты. Суды тарту жұмыстары тегін жүргізілгенімен, халық кәріз құбырына өз ақшасына қосылуы тиіс.