Тасымалдаушылар мемлекеттік органдардың бұл ісі заңға қайшы деп шағымданды
Жамбыл облысында 40-қа жуық жүк көлігі қаңтарылып тұр деп хабарлады «Астана» телеарнасы. Қырғызстаннан шыққан көліктер Ресейді бетке алған. Жүргізушілер мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлері, 15 күннен бері ақылы айыптұраққа қамап, ұстап отыр дейді. Тасымалдаушылар мемлекеттік органдардың бұл ісі заңға қайшы деп шағымданды.
Жүк көліктері Меркі ауданындағы уақытша сақтау қоймасының автотұрағында тұр. Шекарада оларды кірістер басқармасының мамандары қойдырған. Түк түсіндірместен тауарларын ақтарып, құжаттарын түгел жинап алып кеткенін айтады. Тасымалдаушылар мемлекеттік органдардың осылай ұзақ уақыт тексерулерін түсіне алар емес.
«Құжат пен тауардың сәйкессіздігін тапқысы келеді. Қаптарды кесіп, тауарды құртады, астаң кестеңін шығарып тастады. 20 жылдан бері тасымалмен айналысамын, мұндайды көрмегенмін. Бізге қандай кінә артылып отырғанын білмедім», - дейді жүк көлігінің жүргізушісі Виктор Рыжов.
Жүргізушілер көліктерінен ұзап кете де алмайды. Тонап кетеді ме деп қорқады. Тұрақтың ауласында ас ішіп, далада түнейді. Олар автотұраққа тәулігіне 4 мың теңгеден төлеп жатқандарын айтты. Оның түбіртегін де көрмейміз дейді. Кірістер басқармасындағылар болса, барлығы заң шеңберінде жасалып жатқанын айтып ақталды.
«Кезек-кезегімен тексереміз. Күніне 5, 10, 15 машина шығады. Тексеретін маман біреу ғана. Үлгергенінше тексеріп жатыр. Құжатта көрсетілген тауарлар жүк көлігінде бар ма, жоқ па, соны тексереді. Көрсетілген тауарлар жоқ болып шығады немесе жазылған тауар мен көліктегі тауар екі түрлі болады», - дейді Меркі аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Елдос Байымбетов.
Кірістер басқармасының өкілдері тексерістен соң қандайда бір кемшіліктер анықталса айыппұл салуға құзырлы. Ол шамамен 7 мың мен 150 мың теңге аралығында екен. Бұл онсызда шығындалған көлік жүргізушілеріне оңай соқпайын деп тұр.