«Медеуде» көлік қоятын орын алынып тасталды

Автор: Azattyq Rýhy

Мұзайдынның көлік қоятын аумағына енді тек стадион қызметкерлері ғана өте алады

Фото: Кolesa.kz

Алматыдағы «Медеу» мұзайдынына көтерілетін тұстағы көлік қоятын орын алынып тасталды. Бұрын көлік тұрағы жергілікті кафенің жоғарғы тұсында орналасқан еді. Енді ол аумақта «Қозғалысқа тыйым салынған» 3.2 белгісі орнатылып, декоративті гүлзар қойылды. Аумаққа тек стадион қызметкерлеріне ғана өтуге рұқсат етілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мұзайдынға келушілер көліктерін енді автобус аялдамасы маңындағы шағын автотұрақтан орын тауып қоюға немесе мұзайдынның бұрынғы машина залы тұсындағы тегін тұрақтан орын іздеуге мәжбүр болады. Алайда, көлік қоюға арналмағандықтан, ол тұсқа қандай да бір белгілер қойылмаған және кей тұсына асфальт төселмеген, сондай-ақ, аз ғана көлік сыятынын ескерген жөн. Көлік иелері көліктерін қалай ыңғайлы болса, солай қоя беретіндіктен, қайтып шығар кезде қиындықтар тууы мүмкін. 

Көлігіңізді Медеу – Шымбұлақ арқанжолы станциясының маңындағы көлік қоятын орынға қоюға да болады. Бірақ ол ақылы орын болғандықтан, 500 теңге төлеуге тура келеді,  дегенмен, көлігіңізді аптаның кез келген күнінде күні бойына қалдыруға мүмкіндік бар. Алайда, бұл тұстан спорт кешеніне дейінгі аралық шамамен, 800 метр екенін және тротуары жоқ сүрлеумен жоғары қарай жаяу өрлеуге тура келетінін ескергеніңіз дұрыс. Болмаса, жақын маңдағы аялдамаға барып, автобус күтуіңізге тура келеді.

Мұзайдынның жұмыс уақытына келер болсақ, енді демалыс күндері мұзайдын екі ауысыммен емес, үш ауысыммен жұмыс істейтін болады. Мұзайдын сенбі және жексенбі күндері:  10.00-ден 14.00-ге дейін, 15.00-ден 19.00-ге дейін және 20.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал жұмыс күндері 11.00-ден 16.00-ге дейінгі және 18.00-ден 23.00-ге дейінгі екі кезеңнен тұрады.