Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы екпе алған зейнеткерлерге ақшалай сертификат үлестіріліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Ол ақшаға бірақ тек азық-түлік сатып алуға немесе коммуналдық қызмет ақысын төлеуге болады

Қарағанды облысының кәсіпкерлері мен қоғамдық қорлары «Коронавирусты бірге жеңеміз!» атты акцияны бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балқаштың вакцина алған зейнеткерлеріне және Ұлытау ауданының тұрғындарына ақшалай сертификаттар беріледі. Ол сертификаттарға азық-түлік сатып алуға немесе коммуналдық қызметтерді төлеуге болады.

Балқашта акцияның бастамашылары жергілікті кәсіпкерлер болды. Олар ақшалай қаражат бөліп, азық-түлік дүкендер желісімен, сондай-ақ зейнеткерлердің сертификаттарын қабылдайтын қаланың коммуналдық кәсіпорындарымен келісті.

«Сертификаттар вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін бірден егу пунктерінде беріледі. Олар жалғызбасты зейнеткерлерге және ең төменгі зейнетақысы бар адамдарға арналған. Сондай-ақ, оларды «қант диабеті» диагнозымен диспансерлік есепте тұрған қарт адамдар алады. Біз тәуекел тобына жататын егде жастағы адамдарды вакциналауға ынталандыру үшін осындай акцияны бастадық», – деп атап өтті Балқаш қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміндегілер.

Ұлытау ауданында «Арша Фаранд» қоғамдық қорының қолға алуымен вакциналанған азаматтарға ақшалай сертификаттар беру басталды. 5 мың теңге сомасындағы сертификаттар 65 жастан асқан вакциналанған аудан тұрғындарына және көпбалалы отбасыларға беріледі.