Қазақстанда кез келген адамнан мін тауып соттауға болады – заңгер

Автор: Azattyq Rýhy

Әншілер жарнамалаған лотереяға алданған халықтың мүддесін қорғаған адвокат әділдік іздеп жүр

Алматыда ондаған адам адвокат Тілеужан Кішкенебаевты қолдап, қалалық сотқа келді. Бұған дейін Алмалы аудандық соты Кішкенебаевты адвокаттық лицензиясынан үш жылға айырған болатын.

Қорғаушыны қолдаған халық та, оның өзі де соттың бұл әрекетін кәсіби жұмысымен байланыстарды. Себебі, әншілердің жарнамасына сеніп, ақшасынан айырылған адамдардың құқығын адвокат сотта қорғаған еді.

Олардың сөзінше, 2019 жылы Роза Әлқожа, Ақбота Керімбекова, Ернар Айдар, Жазира мен Жанболат сынды әншілер жарнамалаған лотереяға сенген халық 200 млн теңгесінен айырылған. Бұл істі қолға алған Кішкенебаев жәбірленуші тарапты қорғаған және әншілер мен ұйымдастырушы тараптың кінәлі екенін дәлелдеп сотқа тартқан.

Адвокаттың айтуынша, әншілер, лотерея ұйымдастырушылары, прокурор, судьялар бірігіп, адвокатқа қысым көрсетіп, ақырында соттың үкімімен оны үш жылға адвокаттық лицензиясынан айырған. Алматы қаласының адвокаттар алқасына мүше 25 қорғаушы Т.Кішкенебаевқа тағылған айыпты заңсыз деп санағандықтан, апелляциялық сотқа қатысып жатыр.