Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Владимир Воробьевқа «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі табысталды
Солтүстік Қазақстан облысында екі бірдей баланы ажалдан арашалап қалған азамат марапатталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24-ке» сілтеме жасап.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Владимир Воробьевқа «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі табысталды.
Оқыс оқиға 4 қарашада Воскресеновка елдімекенінде болған. 8 және 10 жастағы екі бала көлдің бетінде ойнап жүрген. Алайда, аяқ астынан мұз опырылып, екеуі суға бата бастайды. Осы кезде сол тұста жүрген Владимир балалардың айғайын естіп, бірден көмекке ұмтылады. Дереу суға күмп беріп түсіп, екі баланы құтқарып қалады.
«Балалар жағадан 15 метрдей жерде батып жатты. Ол кезде мұздың қалыңдығы да тым жұқа еді. Менің салмағымды көтермей, ойыла берді. Тереңдігі шамамен, 3 метр болатын көлден балаларды сыртқа шығару оңай болмады. Жағаға шыққан соң әйелім екеуіміз бүлдіршіндері бірден үйге алып келдік», - дейді Владимир Воробьев.