ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

СҚО-да 30 жылда 45 мектеп ашылды

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қызылжар өңірінде қазақ тілінде оқытатын алғашқы мектептің ашылуына мұрындық болған Жангелді Уақпанұлымен сұхбат

Үш жүз жылға жалғасқан бодандықтың кесірінен қазақ халқы түп тамырынан ажырай бастағаны шындық. Тәуелсіздігін жариялаумен мемлекеттің егемендігі бірден қалыптаса қалмайды. Ол – ұзақ жылдарға созылатын үдеріс. Еліміздің бүгін еңсерген жетістіктерінің басында талай азамат тұрғаны анық. Солардың бірі – Петропавл қаласында тұратын ардагер-педагог Жангелді Тәжин. 

САНАДАҒЫ СЕРПІЛІС

Еліміз тәуелсіздік алған сәтте халықтың барлығы бірдей елдің жарқын болашағына сене қоймағаны шындық. Сол кездері Петропавл қаласында жалғыз қазақ мектебі жұмыс істеп тұрған еді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілде оқытатын алғашқы білім ордасының ашылуына мұрындық болған – Жангелді Уақпанұлы. 

«Азаттық ұғымының астары терең, ауқымы кең. Елдің тәуелсіздігі, бірінші кезекте жердің, тілдің, діннің, ұлттың және сананың еркіндігімен өлшенетіні белгілі. 1991 жылы одақ ыдырап, жеке мемлекет болып отау құрып шыққан тұста осы құндылықтардың бәрі бірдей бойымыздан табыла қоймағаны шындық. Шекарамыз әлі шегенделмеген, тіліміз «сарыала», дініміз дүдәмал еді. Талай репрессияны көріп, ұлтшыл болудан әбден қорқып қалғанымыз тағы бар. Бәрін басынан бастауға тура келген. Алғашқы жылдары экономикалық қиындықтарды еңсеру, тоқтап қалған өндіріске жан бітіру, заңдық негіз қалыптастыру, халықаралық байланыстар орнату сияқты кезек күттірмес жұмыстар атқарылды. Ал ұлттық сананы жаңғыртудың алғашқы қадамдары біртіндеп жүзеге асырылды», - дейді ол. 

«ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ, БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ»

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өсиет қылып қалдырған бұл сөздердің маңызы зор. Ең алдымен, ойы азат, санасы сергек жастарды тәрбиелеу арқылы ел болашағын құру қажет. Бұл – ұлттық мектептер ашу арқылы ғана жүзеге асырылатын үрдіс. Екі жүз мың тұрғыны бар Қызылжар қаласында ұзақ жылдар бойы жалғыз қазақ мектебі жұмыс істеді. Оның өзі ауылдан келіп, интернатта тұрып оқитын балалармен толып қалатын. Ал қаладағы қазақтар кішкентайларын орысша оқытты. Сең азаттықтың алғашқы жылдары ғана сөгіле бастады. Ал шаһарда таза қазақша оқытатын мектеп ашу 1996 жылы ғана мүмкін болды.

Алаш ардақтыларының бірі Жүсіпбек Аймауытұлы: «Орыс тәрбиесін алған бала – ұлт қызметкері бола алмайды» деген екен. Демек, елдің ертеңін жарқын етер жастарды тәрбиелеу үшін ұлттық мектептерді көбейту қажет. Қызылжарда қазақша сыныптардың, кейін 1996 жылы қос мектептің ашылуына «Қазақ тілі» қоғамының белсенділері көп еңбек сіңіргенін айтып өткен жөн. Олар үй-үйді аралап, ата-аналарды балаларын қазақ сыныптарына беруге үгіттеген еді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қаламызда жаңадан салынған алғашқы білім ошағы – қазіргі Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназия. Есігін 1 қыркүйекте айқара ашуы тиіс болатын. Алайда, елдегі экономикалық қиындықтарға байланысты құрылыс жұмыстары бірнеше ай кешеуілдеп аяқталды.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін қалада қазақ мектебі қажет екені бірден сезілді. Себебі, халықтың ұлттық сана-сезімі аздап болсын ояна бастаған кез. Бұл мәселені ұлтжанды азаматтар көп көтерді. Ақыры классикалық гимназия құрылысы басталды. Қаланың ортасынан жер алудың өзі қиынға түсті. Ескі үйлер бұзылды. Экономикалық қиындықтарға байланысты 1995 жылы құрылысы тоқтап қалды. Азаматтар Президентке хат жазып, Үкіметтің қосымша қорынан қаржы бөлінді.  1996 жылдың оқуын амалсыздан №3 мектептің базасында бастадық та, екі-үш айдан кейін жаңа ғимаратқа көштік. Бірінші-жетінші сыныптарға 128 бала қабылдадық. Ұстаздар да жетіспеді. Пединститут түлектерін шақырдық. Өзге мектептер артылған парта, тақталарын берді. Осылайша, тұңғыш қалалық қазақ мектебі өз жұмысын бастаған еді», – деп сол кездерді білім ошағының тұңғыш директоры Жангелді Тәжин есіне алды.

Ғимараты ескі демесеңіз, оқу жылының басында күміс қоңырау сыңғырлаған алғашқы қазақтілді білім ордасы – Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп. Оқу корпусы Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін салынған бұл білім ошағы 230 орынға ғана шақталғанымен, онда былтырға дейін 600 бала оқып келді. Өткен жылы ғана «Жас өркен» шағынауданында жаңа мектеп салынып, қазіргі таңда оқушылар кең әрі жарық бөлмелерде білім нәрімен сусындауда.

30 ЖЫЛДА – 45 МЕКТЕП

30 жылда Солтүтік Қазақстанда 13 мың орыннан астам балаға білім алуға мүмкіндік беретін 45 мектеп бой көтерді. Осы уақыт аралығында талай түлек қияға қанат қағып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. 

«Облыс халқының сұранысын ескере отырып, мемлекеттік тілде білім беретін мектептер ашылды. 30 жылда қазақ білім ордаларына баратын балалар саны екі есе артты. Білім саласын жаңғырту жұмыстары жалғасуда», - дейді облыстық білім басқармасының жетекшісі Гүлмира Кәрімова. 

Тәуелсіздік дегеніміз, бір рет қол жеткізіп, одан әрі тұрақты күй кешетін феномен емес, ол – үздіксіз қозғалыстағы, даму үстіндегі үдеріс. Қанатын кеңге жайып, тамырын тереңдете беретін құбылыс. Мемлекет құраушы ұлттың жоғалтқанын түгендеу де – соның бір парасы. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО