1 млрд теңге: Баянауыл тұрғындары Жасыбай мен Олжабай батырға ескерткіш қоюға қарсы

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай-ақ, әкімдік 430 миллион теңгеге стелланы жаңартады

Жасыбай батыр ескерткіші, көрнекі фото: skyscrapercity.com

Павлодар облысы Баянауыл ауданының орталығына жергілікті билік Жасыбай мен Олжабай батырларға ескерткіш орнатпақшы. Алайда, тұрғындар бұған түбегейлі қарсы. Өйткені, ескерткішті орнатуға әкімдік 1 млрд 51 млн теңге жұмсамақ деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Аудан әкімдігі орталықта саябақ салуды жоспарлап отыр екен. Қос батырға арналған ескерткіш сонда бой көтереді. Жергілікті халықтың пікірінше, тек ескерткіш салу үшін бұл қаражат өте көп. Ауданда шешімін күтіп жатқан проблема жетіп артылады дейді олар.

«Баянауылға бүгінгі таңда ең бірінші керек нәрсе ол – кәріз жүйесі. Біздің жеріміз саз, балшық емес, тастақ. Оның бәрі көлге барады. Оны экологиялық тұрғыда дәлелдегенбіз. Көл ақырын-ақырын құрып келе жатыр. Бұлай болатын болса, бір 15-20 жылдан кейін көлге шомылуға болмайтындай жағдай болады», - дейді Баянауыл аудандық фермерлер одағының төрағасы Орал Сартаев.

Аудан әкімдігі бұдан бөлек Баянауылға кіреберістегі стелланы алып, жаңасын қоюды да жоспарлапты. Жергілікті халық бұған да қарсы. Олар тарихи маңызы бар белгіні ауыстырудың қажеттігі жоқ ден санайды. Өйткені, бұған да қомақты қаражат бөлінбек.

«Бұған 430 миллион теңге жұмсамақшы. Ысырап қой. Құмға су құйғанмен бірдей. Ескісін ауыстырып қажеті жоқ, әлі ескіріп кеткен жоқ», - дейді Орал Сартаев.

Аудан әкімі Қанат Кәрімов болса, ескерткіш үшін 1 млрд 51 млн теңге қымбат емес деп отыр. Оның 560 млн. теңгесі демеушілер есебінен болатынын нақтылады.

«Жобаның құны негізі жалпы 934 млн теңге. 600-ден астам ағаш отырғызу керек. 2,5 мың шаршы метр гүлзар, адамдар жүретін жолашықтар, 100-ден астам жарықтандыру орындары, балаларға, жастарға арналған алаңдары бар. Сосын осындай екі мүсін. Сондықтан, қымбат деп айтып жатқан адамдарға тым қымбат деп айта алмаймын», - дейді Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов.

Десе де, жоба сараптамадан өткен, конкурс та жарияланып қойыпты. Ауқымды құрылыс келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.