ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Әкім әрекетсіз, тұрғындар шарасыз: Алматы облысында жеке тұлға ауылдағы жалпыға ортақ жолды қоршап алған

Райымбек ауылдық округінің тұрғындары өз ауласына көлігімен кіре алмай жүр

Райымбек ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы (Алматы облысы, Қарасай ауданы) Әзірбаев көшесінің тұрғындары өз ауласына көлігімен кіре алмай жүр. Себебі, жалпы қолданыстағы 26 сотық жерді әкімдіктен 12 жыл бұрын сатып алған азамат өндіріс базасын салу үшін жауып тастаған.

«Қоқыс жинайтын көлік кіре алмай, ауладағы жағымсыз иіс қолқаны қабады» деген тұрғындар Azattyq Rýhy тілшісіне шағымын айтты.

«Өзен жағасында 6 үйміз, бәріміздің құжаттарымыз заңды. Екі күннен бері қалаға қарай шығып жүрген жол жабық тұр. Мәселені шешу үшін жергілікті және аудандық әкімдерге барып едік, олар «сотқа жүгініңдер» деді. Кеше түнде көршіміздің қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем көлігі кіре алмай, медбикелерді үйге дейін жаяу апардық. Жер иесі 26 сотық жерді қоршап тастады. Оның да, біздің де құжаттарымыз заңды болып тұр. Көшемізде ДЦП балалар бар, олар күнделікті алатын еміне шыға алмай отыр. Әкімдік «ана кісілерге шамамыз келмейді» дейді, олардың қандай кісілер екенін біле алмадық. Ақсай өзенінің жанында «подстанция» бар, бұл жерде құрылыс жұмыстары қалай салынатынын білмедік», - деді тұрғын Берікжан Құлшанов.

Тұрғындардың мүддесін қорғап жүрген заңгер Мадияр Аймурзаұлы жерді сату бойынша заңбұзушылық өте көп екенін айтты. 

«Жалпы қолданыстағы» жерлерден участок берілгенде екі жер актісі беріліп, ортадағы жол жалпы қолданыста қалу керек. Екіншіден, Су кодексіне сәйкес өзеннің жағасында «су қорғау аймағы» деген бар. Қоршау қорғалған аймақтан 70 метр кейін немесе жергілікті әкімшіліктің шешімімен одан аз жерде орналасуға тиіс. Бірақ бұл кісінің қоршауы тура судың жағасында тұр. Оған «Сәулет және қала құрылысы» басқармасының қалай рұқсат бергені белгісіз. Оның үстіне кәсіпкердің ол жерді алу мақсаты – өндірістік база салу. Сонда бұл жерді беру барысында экологиялық, сәулет және қала құрылыс талаптары, су кодексі, жер қатынастары заңнамалары бұзылып тұр. Бұл дегеніңіз 12 жыл бұрын бұл жерді жемқорлық арқылы бергеннің дәлелі. Аталған мәселе Абай ауылының әкімдігімен шешілмейді, себебі, жерді берген «Жер қатынастары» бөлімі мен Қарасай аудандық әкімдігі. Сондықтан Абай ауылы әкімдігінің құзыреті болмағаннан кейін, өз ауылының тұрғындарына көмектесе алмай отыр. Жергілікті өзін-өзі басқару заңнамасына сәйкес, әкімшілік халықтың мүддесін қорғау үшін жоғары инстанцияға өздері хабарласуы керек еді. Бірақ тұрғындардың айтуынша, Абай ауылы әкімі «Бұл мәселе менің құзыретіме кірмейді, қайда барсаңдар сонда барыңдар» деп отыр», - деді Мадияр Аймурзаұлы.

«ӘКІМДІКТЕГІЛЕРДІҢ САУАТСЫЗДЫҒЫ МЕН ЖЕМҚОРЛЫҚ СЕБЕП»

Заңгер аталған мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды. Бірақ ол үшін кемі 3 ай уақыт қажет екен. Екі күннің өзінде қиналып қалған ауыл тұрғындары үшін жаз бойы көліктерін көшеге қою қиындық тудырайын деп тұр.

«Қолданыстағы жолға міндеткерлік (сервитут) орнату үшін сотқа жүгінуіміз керек. Сот оны бір ай өз өндірісіне қабылдайды, сосын олардың пайдасына шешілген күнде де, үкім күшіне енгенше 30 тәулік. Сонда сот шешімімен жалпы қолданыстағы жолға жеке сервитут орнатудың өзін жер иесі аппеляциялық Жоғарғы сотқа жүгінбесе, 3 ай күтуі керек. Оған жүгінсе, тағы бір-екі ай уақыт өтеді. Екінші жолы – әкімшіліктің 12 жыл бұрынғы жер беру туралы шешімінің күшін жою үшін тағы да сотқа жүгінуі керек және ол да дәл жаңағындай уақытты талап етеді. Үшінші жолы – осы Ақсай өзені үстінен көпір немесе өткел салу мәселесі. Жергілікті басқару өз қаржысын күнтізбе бойынша бір жылға жоспарлайды және олар көпір салу мәселесін келер жылдың бюджет жоспарына кіргізуіміз мүмкін деп айтады. Осы мәселені тиімді шешудің жолы - жергілікті әкімшілік, оның үстінен қарайтын аудандық әкімшілік, облыстық әкімшілік жер аумағының иесімен бітімгершілікке келіп, жер иесіне сондай көлемде басқа жерден жер тауып берсе, бұл мәселе тез шешілуі мүмкін.

Болмаса тұрғынлар өз үйлеріне көлігімен не кіре алмайтын, не шыға алмайтын болады. Мәселенің басты себебі – жемқорлық пен мемлекеттік қызметшілердің сауаттылығының төмендігі, қызметкердің сапасыздығы», - деп ашуланды заңгер.

Azattyq Rýhy тілшісі аталған мәселеге қатысты жауап алу үшін Райымбек ауылдық округіне хабарласты. Округ әкімінің орынбасары Еламан Саматұлы тұрғындар мәселелерін сот арқылы ғана шеше алатынын мәлім етті.

«Ол жер біреудің жеке меншік жері. Жер иесі участогін 12 жыл бойы жалпы қолданыстағы жолға пайдалануға берген, ал қазір ол кісі өндіріс базасын салуды жоспарлап отыр. Мәселені шешу үшін өзеннен өтетін көпір салу керек, бірақ оған бізде қаражат қарастырылмаған. Тұрғындарға сот шешімімен шешілетінін айттық. Мұның артында ешқандай шенеунік тұрған жоқ. Екі тараптың да қолында заңды құжаттары бар, біз оларға ештеңе істей алмаймыз», - деді әкім орынбасары.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан