Y және Z буындары өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруға келісті
ҚДМ Дін істері комитеті дін саласындағы өзекті мәселелерді жастармен талқылауға арналған «YZ CLUB» жаңа диалог алаңын іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Диалог алаңы атауының негізіне Y (1980-1997 ж.т.) және Z (1997-2015 ж. т.) буындарының белгілері алынды. Клуб шеңберінде Комитет жастар қоғамдастығы өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізетін болады. Диалог платформасының жұмысы ағымдағы жылдың 21 мамырында өткен Комитет төрағасы Ержан Нүкежановтың «VERSUS» жас дінтанушылар қауымдастығы өкілдерімен кездесуінен бастады.
Кездесу Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік пен келісім сарайының жанындағы саябақта, қатысушылар арасында ашықтық, сенім және келісім атмосферасында өтті. Кездесу барысында дінтану және теология мамандықтарының түлектерін жұмысқа орналастыру, әлеуметтік желілердегі діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмысқа жастар мен азаматтық қоғамды тарту, сондай-ақ дін саласындағы жаңа жобалар мен тәсілдерді бірлесіп әзірлеу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Е. Нүкежанов жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламаларын жетілдіру, зайырлы бағдарланған пәндерді оқыту, мамандану бойынша өндірістік практиканың сапасы және мазмұны, мемлекеттік тілдегі әдебиетке қолжетімділік, студенттердің дін саласындағы ғылыми зерттеулерге қатысуы, сондай-ақ осы саладағы озық шетелдік тәжірибені енгізу сияқты аспектілерге назар аударды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар елдегі діни ахуалды жақсарту мақсатында өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруға келісті.
«YZ CLUB» диалог алаңы шеңберінде іс-шаралар өткізу дін саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге жастарды тартуға және елде діни экстремизм идеологиясының таралуына жол бермеу мәселелерінде азаматтық сана деңгейін арттыруға мүмкіндік береді деген үміт бар», - делінген ҚР АҚДМ хабарламасында.