Қазақстанда мүгедек және асыраушысынан айрылған жандарға 130 млрд теңге жәрдемақы төленді

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны 525 мыңнан астам адам алады

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы түрінде 130 млрд теңгеден астам қаражат төленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2021 жылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 102,8 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына 27,4 млрд теңге бағытталды.

2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 525,1 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 169,6 мың адамды құрайды.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушысының асырауындағы адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 49 150 теңгені, асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 40 653 теңгені құрады.