«Антитеррорлық қауіпсіздік тек теория жүзінде үйретіледі»: ТЖМ мамандары мен мұғалімдер пікірін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Қазандағы қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі жиі көтеріле бастады

Коллаж

Еліміздегі мектептердің қауіпсіздігіне құқық қорғау қызметкерлері емес, ең алдымен мекеменің өзі жауапты. Ал ғимаратта атыс немесе теракт болған жағдайда оқушылар мен мұғалімдер тек теория жүзінде үйренген әдістерін іске асыруға мәжбүр.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес білім беру ұйымдарының объектілері (мектепке дейінгі ұйымдардың ғимараттары; жалпы білім беретін мектептер, орта-арнайы және жоғары оқу орындары, мамандандырылған білім беру ұйымдары; балалар үйлері) террористік тұрғыдан осал, адамдар көп жиналатын объектілер санатына жатқызылады. Алайда елімізде мектептерді қауіпсіздікпен қамтамасыз етуде күзет орнына құқық қорғау қызметкерлерін қою қарастырылмаған. Бұл мәселені кеше ғана Мәжіліс депутаты Андрей Линник Мәжілістің кезекті отырысында көтерді.

«Қолданыстағы заңға сәйкес, сыйымдылығы 3 мың оқушыға дейінгі білім беру объектілері міндетті түрде бейнебақылау жүйесімен жарақтандырылады. Ал сыйымдылығы 3 мыңнан астам оқушыны қамтитын білім беру объектілері үшін бейнебақылаудан басқа дабыл құралдарының, бақылау жүйелерінің болуы шарт. Осымен бітті. Салыстырмалы түрде мемлекеттік органдардың көптеген ғимараттары құдды қамал сынды, әскерилендірілген күзеті мен бес метрлік қоршаулары бар, кез-келген қауіпті адамның шабуылына төтеп бере алады. Ал мектептерге, мектепке дейінгі мекемелерге және олардың аумақтарына кіріп-шығу еш қиындық тудырмайды», - деп наразылығын білдірді депутат. 

Татарстан астанасы Қазанда болған қайғылы жағдайдан кейін еліміздегі мектеп мұғалімдері білім ошақтарының қауіпсіздігіне алаңдатушылық білдіруде. Себебі, ғимараттың кіреберісінде отыратын зейнет жасындағы күзетшінің қастандық ойлағандарға қарсы төтеп берер қаруы да, ұрып жығатын шамасы да болмасы анық.

«Жалпы мектепке кірген кез келген адам ең бірінші күзетшімен бетпе-бет келеді. Өкінішке қарай, күзетшілердің жалақысы төмен болғандықтан, мұндай қызметке мамандандырылған адамдар келмейді, бұл жұмысқа көбіне зейнет жасындағы кісілер келіседі. Еңбек табысы аз болғандықтан, олар да жиі ауысып тұрады. Осы мәселені біз де қозғағымыз келді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №85 мектеп-лицейі директорының орынбасары Әйгерім Қуатбаева.

Бұдан бөлек, елдегі оқушылар мен мұғалімдер төтенше жағдай немесе теракт кезінде қандай әрекет жасау керектігін тек теория жүзінде білетін болып шықты. 

«Төтенше жағдай және полиция департаментінің мамандары мектептерге келіп, бізге антитеррорлық сабақ өткізеді. Бірақ өкінішке қарай, оның барлығы тек теориялық тұрғыда түсіндіріледі. Мамандар төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл әрекеттерін практикалық тұрғыда түсіндірсе дейміз. Яғни, қауіп төнген сәтте қалай әрекет ету керектігін мамандар іспен көрсетсе дұрыс болар еді. Биыл аталған мәселеге қатысты семинарлар онлайн форматта өткізілді», - дейді Әйгерім Қуатбаева.

Практикадан гөрі теория басым екенін Ішкі істер министрлігі өкілінің жауабынан да аңғаруға болады.

«Біздің қызметкерлер білім беру мекемелерінің оқытушылар құрамымен және оқушыларымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осындай кездесулер барысында біз ересектер мен балаларға террорлық шабуылдар және өзге де төтенше жағдайлар қаупі кезінде өзін-өзі ұстау ережелерін түсіндіреміз. Ол үшін біз 2017 жылы жадынамалар мен инфографикалар әзірледік, онда төтенше жағдайлар кезінде адамның өзін қалай ұстау керектігі түсінікті әрі қолжетімді түрде түсіндіріледі. Атап айтсақ,  күдікті зат табылған кезде, жарылыс кезінде, эвакуация кезінде және т. б. жағдайларда не істеу керек керектігі толық жазылған. Бұл жадынамалар мен инфографикаларды біз барлық оқу орындарына  олардың сайттарында, стендтер мен ақпараттық тақталарда орналастыру үшін электронды түрде бердік», - деді ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Мерхат Есімханов.

Сонымен қатар, антитеррорлық семинарлардан бөлек, құқық қорғау органдары жыл сайын білім беру объектілеріндегі терроризмге қарсы қолданылатын құралдардың жай-күйіне тексерулер жүргізеді. Шара барысында бейнебақылау, сигнализация жүйелерінің жарамдылығы, апатты жағдай шығу жолдарының сапасы, сондай-ақ басшылар мен персоналдың террористік сипаттағы қауіп-қатер кезіндегі іс-қимылдар туралы білімі тексеріледі.

Төтенше жағдай департаментінің түсіндіру жұмыстары да тек теориямен шектеледі екен. Онымен қоса пандемияның салдарынан мұндай шаралар бүгінде тек онлайн түрде өткізіліп жатқаны мәлім болды.

«Бүгінде ТЖД қызметкерлері бекітілген жоспар бойынша жыл сайын төтенше жағдай және лаңкестік болып қалған кезде орындалатын іс-қимылдар бойынша онлайн форматта профилактикалық сабақтар жүргізіліп отырады. Атап кетсек, 24 наурызда қаланың мектеп басшыларымен Zoom арқылы профлиактикалық шаралар бойынша түсініктеме берілді. Осы кезде қалалық мектеп арасында 2020-2021 жылдарға арналған жоспары ТЖ-ның алдын алуға, алғашқы медициналық көмек көрстетуге және террористік актілерге төтеп беруге бағытталған. Сонымен қатар, жыл басында негізгі шаралар жоспары бекітіліп, мектептерде сабақтар мен эвакауациялық шаралар жүргізіледі. Аталған жұмыстарды ТЖД қызметкерлері үнемі жүргізілуде»  - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметі.

Алайда, мектеп мұғалімдері кәсіби мамандардың практика тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын өткізбейтіндіктен, эвакуациялық шараны өздері ұйымдастыруға мәжбүр екенін айтады.

«Эвакуациялық шараны өзіміз ұйымдастырамыз. Дегенмен біз өз күшімізбен қыста және көктемде эвакуация өткіздік. Регламент бойынша балалар 5 минуттың ішінде сыртқа шығып үлгеруі тиіс. Мектебімізде 10 апаттық шығу жолы бар. Вахта ішіндегі дабыл тетігі басылған сәтте, оның барлығы автоматты түрде ашылады. Балалар далаға шыққаннан кейін міндетті түрде санақ жүргіземіз. Осылайша оқушыларға әрдайым қауіпсіздік шараларын айтып отырамыз. Төтенше жағдай кезінде біздің ең бірінші міндетіміз - баланы құтқару», - деді дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №85 мектеп-лицейінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Талғат Төлеуқұлов.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан