Петропавлда әлеуметтік қызметші тыл еңбеккерінің үйін алып қойған
Пәтерінен айрылған Людмила Носик қарттар үйін паналауда
Петропавл қаласының тұрғыны, 83 жастағы тыл еңбеккері Людмила Носик екі бөлмелі пәтерінен айырылып қалды. Немересі Наталья Середаның сөзінше, әжейге 4 ай бойы көмек көрсеткен әлеуметтік қызметші үйді сыйқұжат арқылы өз атына түсіріп алған. Баспанасыз қалған зейнеркерді жекеменшік қарттар үйіне тапсырған. Алаяқтың қанша адамды арбағаны әзірге белгісіз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ЗЕЙНЕТКЕРДІ ҚАРТТАР ҮЙІНЕ ТАПСЫРҒАН
Қаныш Сәтпаев көшесіндегі пәтерде Людмила Носик жарты ғасыр тұрған. Осы шаңырақта өмірлік серігі мен балаларын о дүниеге шығарып салыпты. Өзі 30 жылға жуық уақыт Оңтүстік-Орал теміржолында жұмыс істеген. Кезінде пәтер сол еңбегі үшін берілген екен. Немерелері Ресей астанасында тұрады. Людмила Петровна қартайған шағында туған жерін тастап, Мәскеуге көшуден бас тартқан. Жүріс-тұрысы қиындаған кейуана 2017 жылы Петропавл қаласындағы мемлекеттік әлеуметтік көмек қызметіне жүгінген. Қарияға 4 жыл бойы жәрдемдескен маман басқа қызметке ауысып кеткен. Көп ұзамай оны жаңа адам алмастырады. Небәрі екі айдың ішінде алаяқ сыйқұжат арқылы зейнеткердің пәтерін атына түсіріп, өзін жекеменшік қарттан үйіне жібереді. Әккілігі сонша, 100 мың теңге көлеміндегі айлық төлемді зейнетақыдан автоматты түрде ұсталып тұратындай етіп, құжаттарды да рәсімдейді. Ақшаның қалған бөлігі арнайы шотта тыл еңбеккерінің жерлеу рәсіміне жиналады.
«Наурыз айының соңында әлеуметтік қызметші әжеміздің атынан өзіне сенімхат жасатып алған. Осылайша барлық қаражатын карточкасынан шешіп алған. Ал сәуірдің басында өзіне 2 бөлмелі пәтерді сыйқұжатпен ресімдеген. Және бірнеше күннен соң қарттар үйіне апарып тастаған. Өкінішке қарай пандемияға байланысты өткен жылы біз Қазақстанға келе алмадық. Әйтпегенде әрине мұндай сұмдық жағдайды болдырмас едік. Әжеміз бала секілді, бәріне сеніп қалады. Әрі ұмытшақтығы бар. Ол әйел осыны пайдаланып құжаттарға қол қойдырған», - дейді немересі Наталья Середа.
«АУРУХАНАҒА БАРАСЫҢ ДЕП СЕНДІРДІ»
Алаяқтың жоспарын әлеуметтік желідегі фотосурет бұзады. Наталья Середа әжесінің қарттар үйіне түскенін 30 сәуір күні кездейсоқ біліп қалады. Өзі бірден Петропавлдағы туысына хабарласып, не болғанын анықтауды өтінген. Осылайша Людмила Носиктің туысқандары тыл еңбеккерінің алданып, 2 бөлмелі пәтерінен айырылғанын біледі.
«Әжеміздің қарттар үйіне түскені жайлы құзырлы органнан бізге ешкім хабар берген жоқ. Ол - жекеменшік мекеме. Туысым оны алып кетуге барған кезде әжем емдеу мекемесінде жүрмін деп ойлаған. Қолында тек өзінің киімі мен жеке куәлігі болған. Өзге құжаттары жоқ. 2 бөлмелі пәтермен қоса әлеуметтік қызметкер есепшотта жиналған қаржыны да иемденіп кетіпті. Адвокат жалдадық. Ол сыйқұжаттың заңды күшін жойып, пәтерді иесіне қайтарады. Алаяққа хабарластым. Өз ісінен қымсынып тұрған жоқ. Бұған дейін әжеме көмек көрсетіп жүрген маман өз ісіне ұқыпты болған. Үнемі телефон арқылы хабарласып, қалаға келген кезде көрісіп тұратынбыз. Алайда 2020 жылдың қараша айында белгісіз себеппен әлеуметтік қызметкер ауысып кеткен», - дейді Наталья.
Натальяның сөзінше Людмила Петровна қандай құжаттарға қол қойғанын өзі де нақты білмейді. Қалаға келісімен келіншек бірден жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барған. Басшысы барынша көмектесуге уәде берген. Мұнымен қоса полицияға барып, әлеуметтік қызметкердің үстінен арыз түсірді. Ғұмырының жартысын бала-шағасымен екі бөлмелі пәтерде өткізген әжей бақытты шағын еске түсіріп, көзіне жас алды.
«Өз пәтерімді сағындым. Құжаттарға қол қойғаным есімде жоқ. Мені қарттар үйіне емделесің деп апарған болатын. Алданып қалдым», - дейді зейнеткер.
ЗЕЙНЕТКЕР ҚАРТТАР ҮЙІНЕ ӨЗІ СҰРАНДЫ - ШЕНЕУНІК
Қарттар үйінде әжей 2 апта болған. Қалалық әкімдік мамандары істің мән-жайын анықтап жатқандарын жеткізді. Қандай да бір заң бұзу фактісі анықталған жағдайда тиісті тұлғалар жауапқа тартылмақ. Шенеуніктер тіпті оның қартттар үйіне өзі сұранғанын алға тартып отыр.
«Қарттар үйіне әлеуметтік қызметші қарияны өзі апарып тапсыра алмайды. Біздің білуімізше, Людмила Петровна ол жаққа өзі барғысы келіп құжат толтырған. Қазір біз бұның қаншалықты рас екенін анықтаймыз. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары өз кезегінде бұл іс алаяқтық болып табылады ма соны тексереді», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.
Әлеуметтік қызметші зейнеткерді қарттар үйіне қалай тапсырды? Бұл сауалды Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімі басшысының орынбасары Талғат Жақыповқа қойып көрдік. Ол мұндай сұраққа жауап бере лмайтынын айтып қысқа қайырды.
Қазір полиция қызметкерлері түскен арыз бойынша жұмыс істеп жатыр. Жалпы Петропавлда 500-ге жуық жалғызілікті қарт адам тұрады, оларға 78 әлеуметтік қызметші қолғабыс етеді. Қарауы жоқ тағы да қанша қария жапа шегіп жүргені белгісіз.