Түркістанға ағылған туристерге қонақ үй жетпей жатыр
Рухани астанаға саяхаттаушылардың саны сәуір айында күрт көбейген
Түркістанға келіп жатқан туристерге қонатын жер жетпей жатыр. Қонақтарды қабылдайтын орындардың қожайындары сұраныстың көптігінен бағаны күрт көтеріп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Күллі түркі жұртының рухани астанасына келушілердің 90% ішкі туристер құрайды. Әкімдік шетелдік саяхатшылар санының төмен болуын пандемиямен, шекараның жабықтығымен байланыстырады. Соған қарамастан адам ағынының бірден 3-4 есеге артуы хандар мен сұлтандар жатқан Ахмет Ясауи кесенесі маңының жаңаруы мен Түркістан шаһарындағы таңғажайып орындардың қолданысқа берілуі себеп.
«2021 жылдың бірінші тоқсанында Түркістан қаласына келген туристердің саны 209 мың адамды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге көбейіп отыр. Әзірет Сұлтан қорық мұражайы, яғни Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне наурыз айының өзінде 153 мың адам келді. Сәуір айындағы келушілердің саны 159 мың шамасында. «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені ашылғандықтан адам ағыны кемінде екі есеге артады. 2019 жылы Түркістан қаласын 1 миллион 148 мың адам аралаған. Соңғы кездері 28 мәдени нысан іске қосылды. Бұл келушілер көлемі әлі де көп болады дегенді білдіреді», - деді Түркістан облысы Туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуов.
Жеке мәртебе алған Түркістан үш жылда түгелдей түрленген. Келген туристер де таңдануын жасырмайды. Бағзыдағы бабалар мекенінің маңы ғана емес, қала сән-сәулетімен, үйлесімді үйлерімен өзгеше сипатқа ие. Қанат жайған құрылыстарды, жанға жайлылық сылайтын саябақтарды, көрсең көз тоятын, кірсең кеткің келмейтін келбетті мәдени-рухани орындарды тамашалап жүрген жан көп. «Қазақстанның Венециясы» атанған Керуен сарай толық іске қосылмаса да 20 гектар аумаққа сыймай жүрген жан жетерлік.
«Облысқа, оның ішінде Түркістан қаласына келетін туристердің саны күннен күнге көбейіп жатыр. Пандемияға дейін Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жылына келетін адам саны 1,5 миллион адамды құрайтын. Алдағы 2-3 жылда бұл көрсеткіш 3 есеге дейін артады деген болжам бар. Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін 22 қонақ үй болған. Туристер ғана емес, қалада өмір сүретін адам саны да артып келеді. Жеке бөлініп шыққанға дейін 165 мың адам болса, қазір тұрғындардың тіркеудегі саны 181 мыңнан асты», - деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.
Көне дәуір мен жаңа ғасырдың үйлесімін тамашалауға келген адамдарды қабылдайтын қалада қазір 42 қонақ үй бар. Алайда, мұның бәрін есептегенде жататын орын саны 1300 төсектен аспайды. Демалыс немесе мереке күндері қалаға сырттан келушілердің саны 15 мыңнан кем болмаса, жай күндері 5 мыңның айналасында адам ағыны болады. Түнейтін тұрақ таппағандықтан туристер жылдам кері қайтуға немесе Шымкентке тартып кетуге мәжбүр.
«Қазір қаладағы бүкіл қонақ үй толып қалған, бос емес. Қонуға ары кетсе 1,5 мың адам ғана қала алады. Күніне келетіндердің саны шамамен 15 мыңға дейін жетеді. Сұраныс көп. Біз қонақ үйге кемі бір тәулікке тоқтағандарды келушілер деп есептейміз. 2019 жылы қонақ үйге 177 мың адам, былтыр 103 мың адам тұрақтаған. Турфирмалармен, болмаса өздерінің жеке көліктерімен қыдырып келіп, қонбай кететін адамдар бұл санаққа қосылмайды. Қонақ үйлердің жетіспеушілігі сезіледі. 2025 жылға дейін қонақ үйге тұрақтайтын адам санын 890 мыңға жеткізу жоспарланған. Бұл санға жету үшін қалада кемі 12 мың адамға арналған төсек-орын керек», - деді әкімдіктің өкілі.
Қаладағы қонақ үйлердің тәуліктік құны демалыс немесе мереке күндері 130 мың теңгеге дейін жетеді. Жоғары санаттағы, яғни бренд атауға ие 3 және 5 жұлдызды қонақ үйлер саны көп емес, әрі ондағы баға жай күндердің өзінде 60-70 мың теңгенің айналасында. Соған қарамастан бұл жерлерден орын табу қиын. Қарапайым қону орталықтарының өзінде тәуліктік түнеу бір адамға 20 мың теңгеден басталады. Үйін жалға беріп қаржы табумен айналысатын адамдар да айтарлықтай көп емес.
«Біз биылдан бастап келушілерді қабылдайтын мейманхана, жеке үйлерді көбейтуді қолға аламыз. Өзбекстанның тәжірибесін қолданамыз. Мейманханаларға барған адамдар сол жерде еліміздің ас-дәмін, салтымен де таныса алады. Бұл жергілікті халықтың отбасылық бизнесті дамытуына себеп болады, әрі туристердің орналасу мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Облыс көлемінде түрлі санаттағы 175 қонақ үй бар. Оның 42-сі Түркістан қаласында. Биыл тағы 5-6 қонақ үй ашылады. Қонақ үй салам деген инвесторларға түрлі жеңілдік қарастырылған. Халықаралық және ішкі әуе рейстері көбейеді. Қазір Түркістанға күніне 3 әуе реисі келеді. 2023 жылы Түркістан-Ташкент-Самарқанд жылдам поезы іске қосылады. Бұның бәрі ішкі және шетелдік туристер саны тағы да артады дегенді білдіреді. Сондықтан жату орындарына да сұраныс көбейе береді», - деді Нұрдәулет Медеуов.
Әмірболат Құсайынұлы, Түркістан қаласы