Былтыр интернет алаяқтықпен байланысты 14 мыңнан астам қылмыс тіркелген
Қазақстандықтар интернет алаяқтардың құрбанына жиі айнала бастады. Қаскөйлер азаматтардың жеке куәлігін пайдалану арқылы, сыртынан несиені оңай рәсімдейді екен. Былтырдың өзінде мұндай қылмыстың саны елімізде екі есеге артыпты. Сондықтан микрокредиттік ұйымдардың несие беру рәсімін қайта қарап, барынша қатаңдату керек дейді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Абылқасымоваға жолдаған депутаттық сауалында.
Оның сөзінше, алаяқтардың құрбанына айналған қарапайым адамдар полициядан бөлек, депутаттардан да көмек сұрайды екен. Зардап шеккендер оларға рәсімделген несие туралы белгілі бір уақыттан кейін ғана, яғни коллекторлық агенттіктер мазалай бастаған кезде несиелік қарызының бар екенін біледі.
«Ішкі істер органдарының ресми ақпараты бойынша, 2019 жылы интернет алаяқтықпен байланысты 7 732 қылмыс тіркелсе, ал 2020 жылы мұндай фактілердің саны екі есеге артып, 14 110 қылмысты құрады. Соның ішінде, 2020 жылдың қорытындысы бойынша микрокредиттік ұйымдардың интернет-сайттары арқылы онлайн несиелерді ресімдеу бойынша 3 мың құқық бұзушылық жасалған. Ал, интернет арқылы кез-келген азаматтың жеке кабинетіне қосылу арқылы, олардың пластикалық карталарындағы шоттарынан ақша ұрлау бойынша 2,2 мыңнан астам алаяқтық қылмыс тіркелген», - дейді Е.Бейсенбаев.
Оның сөзінше, Солтүстік Қазақстан облысында ер адам алаяқтық жолмен өзге азаматтарға 50 несие рәсімдеген. Аталған ер адам алаяқтығын іске асыру үшін өзге азаматтардың жоғалған жеке куәліктерін пайдаланған.
Екінші жағдай Қостанай облысы Әулиекөл ауданында болған. Онда 31 жастағы әйел ауыл тұрғындарының жеке куәліктерінің суреттерін пайдалану арқылы олардың қатысуынсыз жергілікті тұрғындардың атына тауар алуға онлайн несие рәсімдеген.
«Жоғарыдағы көрсетілген нақты мысалдар микроқаржылық ұйымдардың онлайн қарыздарды берудегі жеке тұлғаны сәйкестендіру рәсімдерін реттеу жүйелерінің толық пысықталмағанын көрсетіп тұр. Осыған байланысты, жапа шеккен азаматтар өзінің кінәсіз екенін мойындатып, заңсыз несиені өшіру үшін 9 айға дейін соттасуға мәжбүр. Бұл өз кезегінде жәбірленушінің несиелік тарихына зиян келтіріп, қолма-қол ақшасыз төлем жасауына кедергісін тигізеді.
Жоғарыда айтылғанның негізінде, агенттікке клиенттің сәйкестендіруін анықтауды күшейту бөлігі бойынша микрокредиттік ұйымдардың онлайн несиелер берудегі рәсімдерін қысқа мерзімде қайта қарау ұсынылады, оның ішінде:
Біріншіден, клиенттің биометриялық ерекшеліктерін сәйкестендіру процедураларын күшейтуді қарастыру қажет. Нақты уақыт режимінде кескінді тексеру және растау, яғни алаяқтардың бұрын дайындалған бейне немесе фото материалдарды қолдануы мүмкіндігіне жол бермеу.
Екіншіден, ақпараттық-бағдарламалық жүйелерді пайдалану арқылы онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде екі сатылы аутентификацияны енгізуді көздеу», - делінген депутаттық сауалда.