Әлеуметтік кәсіпорындардағы жұмысшылардың жартысы осал топтың қатарынан болуы тиіс - Мәжіліс депутаты
Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды
Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытында бүгінде жүзге жуық субъект салықтың жеңілдетілген түрін төлейді. Осы ретте Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Себебі, қолданыстағы құқықтық норма әлеуметтік ұйымдардың ауқымды қызметін реттеуге мүмкіндік бермейді.
«Заң жобасында қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге бағытталған кәсіпкерлік субъектілеріне анықтама берілді. Яғни осы бағытта жұмыс істейтін азамат кәсіпкер мәртебесін алу үшін аталған шарттардың кем дегенде біреуін орындауы керек:
- кәсіпорынның құрамындағы жұмысшылардың кем дегенде 50 пайызы әлеуметтік осал топтың қатарынан болуы тиіс;
- халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тауарларды өндіру, олардан түсетін табыс кәсіпорынның жалпы табысының кемінде 50%-ын құрауы керек;
- әлеуметтік қызметтерді, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және тәрбиелеу, мәдениет және спорт саласында қызметтер көрсету», - деп атап өтті Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Заң жобасында халықтың әлеуметтік осал топтарының салалық тізбесі айқындалған. Оған барлық топтағы мүгедектер, көп балалы және толық емес отбасынан шыққан жұмысқа қабілетті азаматтар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, химиялық тәуелділіктерден емделген азаматтар, зейнеткер және зейнет жасына таяп қалған адамдар кіреді.
«Заң жобасында кәсіпкерлік субъектісінің мәртебесін айқындау тәртібі көзделген. Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлікке көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары көрсетілген. Оны жүзеге асыру жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ мемлекеттік даму институттары атқарады», - деп нақытылады Екатерина Смышляева.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан