Қазақстан авторлар қоғамының есепшотында жатқан 800 млн теңге таласқа түсіп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Текетірестің кесірінен 5 айдан бері 3700-ге жуық автор өз өтемақыларын ала алмай отыр 

Алматыда «Қазақстан авторлар қоғамы» басшыларының арасындағы текетірес өршіп барады. Жікке бөлініп, бір-бірін айыптап жатқан мекеменің басқарушылары екіге бөлінген. Осы ұйымды 20 жылдан астам басқарған Марал Ысқақбай авторлар қоғамын Композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек заңсыз иемденіп кетті деп айыптады. Бүгін арнайы баспасөз мәслихатында композитор Алтынбек Қоразбаев, жазушы-дараматург Дулат Исабеков, ақын Мыңбай Рәш  сияқты бірнеше азамат қоғамдық ұйымның ендігі тағдырына алаңдаушылық білдірді. Журналистермен кездескен ҚазАҚ-тың төрағасы Марал Ысқақбай 2019 жылы 27 наурызда Алматыда өткен ұйымның жалпы жиналысын заңсыз деп тану үшін күресіп жүргенін айтады.

«Осы көктемде Тянь-Шань қонақ үйінде авторлар қоғамында 5 жыл директор болып жұмыс істеген Байғали Есенәлиев пен Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек жиналыс өткізген. Протоколда 259 адам қатысты деп көрсетіп, өздері сайлау өткізген. Алайда ол жерде 130 адам қатысып, қалған 128 адамның қолын жасанды жолмен, өздері қойғаны белгілі болды. Сөйтіп, сүттей ұйып отырған қоғамдық қорды екіге жарды. Өздері мөр жасап, тіпті банкте тұрған шығармашылық авторларының қомақты қаражатын басқа есепшотқа аударып алған», - дейді Марал Ысқақбай.

 

Бұл әрекетті заңсыз деп тапқан «Қазақстан авторлар қоғамы» мекемесінің төрағасы сотқа жүгінген. Ол жоғарыда өткен жиналыста 14 түрлі тараудың бұзылғанын келтіріпті. Қазір шағым Алматы қалалық ауданаралық экономикалық сотта қаралып жатыр. Марал Ысқақабайдың айтуынша, «Банк Центр Кредит» АҚ банктік есепшотындағы 800 млн теңге «ForteBank»-тегі басқа есепшотқа аударылған. Текетірестің кесірінен 5 айдан бері 3700-ге жуық автор өз өтемақыларын ала алмай отыр.

Бұл айыптауларға қатысты «Қазақстан авторлар қоғамы» мекемесінің жаңа төрағасы ретінде сайланған Балнұр Қыдырбек өз пікірін білдірді. Ол ұйымның қайта тіркеуден өткізіп, 04.06.2019 жылы Әділет министрлігінен тиісті куәлік алдық, дейді. Жаңадан жарғы қабылданып, соның негізінде есепшоттағы қаражатты өз басқаруына алған. СИЗАК (Авторлар мен композиторлардың халықаралық конфедерациясының) мүшесі ретінде халықаралық деңгейде жұмыс жасау үшін латын әріптерімен бедерленген жаңа мөр жасатқан.

«Шынын айту керек, біз ағаның алдынан өттік. Сіз құрметті төраға болып қала беріңіз. Негізі құрметті төраға басқа мекемелерде жалақысыз істейді.  Бірақ біз жалақыңыз сақталады. Кеңесіңізді беріп жүре беріңіз дедік. Мен бұл істі қолға алып ары қарай жасаймын дедім. Бірақ ол Байғали Есенәлиевтің нашар жұмыс істегенін алдыға тартып, қоғамның беделін бұрынғы деңгейге көтеремін деген уәжбен, менің айтқаныммен келіспеді. Мен сендермен сотта кездесемін деп, сотқа шағым түсірді», - дейді Балнұр Қыдырбек.

Екі ұйымның тізгінін қолға алған Балнұр Балғабекқызы қоғамның кейбір құжаттары Марал Ысқақбайда екенін айтады. Бірақ оған қарамастан, банктегі мәліметтер арқылы мүшелердің тізімі жасалып жатыр. Қаражат өтемақы алуы тиіс авторлардың тізімі толыққан соң беріле бастайды деді. Бұл мәселе ертең Авторлар кеңесінің арнайы отрысында да талқыланбақ.   

Қазақстан авторлар қоғамы 1997 жылы  құрылған.  Қызметі – авторлардың мүліктік құқығын басқару, яғни авторлардың атынан олардың туындыларын пайдалануға рұқсат беру, авторлық сыйақыларын жинау, жиналған сыйақыны бөлу және төлеу. Сонымен қатар авторлардың құқығы бұзылған жағдайда сотқа жүгініп, өтемақы талап ете алады. Қазір ұйымға 3700 адам мүше. Оның жылдық қаржы айналымы 1 млрд теңгеге жуықтайды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы