«Қызғаныштан жалғыз ұлымды өлтірді»: Алматы облысының тұрғыны баласының өліміне көршілерін кінәлайды

Автор: Azattyq Rýhy

Жергілікті полиция он күн бойы күдіктілерді ұстамаған

фотолардың авторы: Әсет Құндақбаев

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында біреудің жалғыз баласы кісі қолынан қайтыс болды. Шелек ауылының маңындағы Сарыбұлақ елдімекенінде Ербол Нұрлан есімді жігітті ауылдастары ұрып соққан. Тоғыз күн ауруханада ес-түссіз жатқан жәбірленуші кеше түні көз жұмыпты. Марқұмның әкесі Нұрлан Бейсенбаев оқиғаның 11 сәуір күні болғанын айтады. Ауыл тұрғыны Медет Тұражанов 18 жастағы баласы Дәулет Тұражан екеуі Шелек ауылында мұғалім болып жұмыс істейтін жігітті өз үйіне іздеп келген. Алайда орталыққа кеткен Ербол Нұрлан сол күні кешке мән-жайды білу үшін Тұражановтардың үйіне өз аяғымен барыпты. Алайда сол күні ол соққыға жығылған.  

Ес-түссіз жатқан баласын үйіне әкелген әкесі жедел жәрдем шақырады. Кешке Шелектің орталық ауруханасына жеткізілген Ерболдың не болғанын айтып беруге шамасы келмеген. Бір аптадан астам уақыт өз-өзіне келе алмай ауруханада жатқан жігітті дәрігерлер өлімнен арашалай алмапты. Жарақаты ауыр болған. Миына қан құйылған. Денесінің көп жерінде ауыр жарақат болған.  Марқұм Шелек ауылындағы орта мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істеген. Нұрлан Бейсенбаев баласының өліміне Сарыбұлақ ауылының орталық көшесінде тұратын Медет Тұражанов есімді азамат пен оның жақындарын кінәлап отыр. Жалғыз ұлын бір емес бірнеше кісінің жабылып ұрып-соққанын көрген куәгерлер бар. Алайда жергілікті полиция он күн бойы күдіктілерді ұстамаған. Тек өлім мен өмірдің арасында жатқан жігіт жан тапсырғанда барып, Медет Тұражанов құрықталыпты.  

фотосуретте: марқұмның әкесі Нұрлан Бейсенбаев

Осы оқиғаға қатысы бар делінген Тұражановтар отбасы мұғалімді ауласында ұрып-соққанын жоққа шығармайды. Үйдің үлкені Дәулет Тұражан марқұмның шешесімен телефон арқылы сөйлесіп жүргенін айтады. Жүк тасымалымен айналысып, сол күні үйіне келген Медет Тұражанов әйелінің телефонына түнгі мезгілде Ербол Нұрланнан қоңырау түскенін байқап қалған. Ерлі-зайыптылар арасындағы қызғаныштың соңы осылай адам өліміне апарған деген болжам бар. Он сегіз жастағы Дәулет сол күні Ерболдың достарын балтамен қорқытып, қуып жібергенін мойындап отыр. Одан кейін үйдің ауласында қылмысқа күдікті әкесінің марқұмды тепкінің астына алғанын да жоққа шығармады.

Бұл отбасындағылар мұғаліммен сөйлесіп жүруі мүмкін деп сезікке ілінген бес баланың анасын да үйінен қуып жіберген. Ал әкесін кеше полиция ұстап әкетіпті. Алматы облыстық полиция департаменті алғашқыда Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 1-бөлімі бойынша (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) дерегі бойынша іс қозғаған. Ал кеше істі қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлімі бойынша қайта қозғап, күдіктіге «кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенiн көре тұра жәбір көрсетіп, адамды ұрлаумен не кепiлге алумен ұштасқан қылмысқы барды» деген айып таққан.  

Жергілікті полицияның адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген азаматты он күн бойы оқшауламағаны түсініксіз. Ол өзінің әйеліне де осындай ауыр дене жарақатын салуы мүмкін немесе өлтіруі де кәдік еді, дейді ауыл тұрғындары.

Бүгін дәрігерлер марқұм Ербол Нұрланның денесін туыстарына берген. Ертең жерленеді. Жігіттің әкесі құзырлы органдардан тергеуді әділ жүргізіп, жалғыз баласының өліміне кінәлі өзге тұлғаларды да анықтап, жауапқа тартуды сұрайды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы