СҚО-да 14 жастағы жасөспірім синтетикалық есірткінің құрбаны болған

Автор: Azattyq Rýhy

СҚО-да 1 жылда 52 адам есірткінің осы түрінен көз жұмыпты

Солтүстікқазақстандық полицейлер өңірде синтетикалық есірткі қолданатындар саны артып барады деп дабыл қағуда. Соңғы уақытта әсіресе, жастар арасында оған деген қызығушылық артқан деп жазады Петропавлск.news.

Айта кетейік, өткен жылы облыста 52 адам дәл осы синтетикалық есірткіден қайтыс болған. Оның 14-і жастар.

«Қазір есірткі бизнесі траекториясын өзгертті. Нашақорлар дәстүрлі есірткіден синтетикалық есірткіге көшіп жатыр. Өкінішке қарай, олардың қатарында 14 жастағы жасөспірім де бар. Ол синтетикалық есірткінің құрбаны болды», - дейді облыстық Полиция департаменті есірткі бизнесімен күрес басқармасының басшысы Жандос Басыбаев.

Оның айтуынша, қазір есірткі сатумен айналысатындар да толықтай интернетке көшіп алған.

«Қазір ешкім қолма-қол сатпайды, ол өткен ғасырдың тәсілі. Сатушы мен сатып алушы бірін-бірі көрмейді, интернет арқылы жүргізеді бүкіл процесті», - дейді басқарма басшысы.

Жыл басынан бері солтүстікқазақстандық полицейлер 400 келіден астам есірткі заттарын тәркіленіпті. Жандос Басыбаевтың айтуынша, биыл шілдеге дейін синтетикалық есірткіге 5 жыл бойы тыйым салынбаған. Алайда, жазда заңға өзгерістер енгізіліп, қазір оны сату да, пайдалану да қылмыс болып есептеледі.

Тегтер: