Петропавлда былғары зауыты ауданы қоқыс полигонына айналды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінде облыс аумағында заңсыз құрылған 600-ге жуық полигон бар

Петропавл қаласындағы Былғары зауыты ауданы тұрмыстық қалдықтар полигонына айналды. Оған коммуналдық мекеменің қоқыс контейнерлерін алып тастауы себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.  

Жауапты  мекемелер тау болып үйілген тұрмыстық қалдықтарды шығарудан бас тартып отыр. Қоқыс үйінділері  күн санап өсіп, қоршаған ортаны ластап жатыр. Маңайдағы жағымсыз иіс қолқаны қабады. Ауданда 31 наурыздан бері қоқыс шығарылмаған.  Бұған дейін қызмет көрсетіп келген «Коммунхоз» компаниясы контейнерлерін алып кетіп,  келісімшарттан бас тартып отыр.    

«Мен бұл ауданда бір жарым жыл тұрып келемін. Қоқыс шығарғандары үшін әр отбасы мүшесі үшін айына 250 теңге төлеп отырдым. Қазір контейнерлер жоқ. Амалсыздан сол орынға қоқыс тастаймыз. «Коммунхозға» да, әкімдікке де хабарластық. Сәуірдің 5-не дейін мәселені шешеміз деп еді. Содан тағы 10 күн өтті. Нәтиже жоқ. Қоқыс жатқан жерде санитарлық талаптар жайында айту қиын. Бұл жерден қаншама инфекция таралуы мүмкін», - дейді былғары зауыты кентінің тұрғыны  Ирина Жаркова.

алада қоқыс шығарумен 4 компания айналысады. Алайда ешқайсысы Былғары зауыты кентінің тұрғындарымен келісімге отырғысы келмейтін көрінеді. 

«Ауданда 2400 адам тұрады. Соның тек 1040-ы ғана ақша төлеп отыр. Бүгінге дейін жиналған қарыздарының сомасы 376 мың теңгеге жетті. Қоқыс шығарушы компаниялармен жиналыс өткізіп, оларға осы кентте қызмет көрсетуді ұсындық. Алайда ешқайсысы олармен шарт жасағысы келмейді. Мәселе тұрғындарддың өзінде», - дейді Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Жомарт Абылаев.

Эколог мамандар мәселе шешілмесе бұл аудандағы жағдайдың ушығатынын айтып, алаңдап отыр. Бүгінде облыс аумағында заңсыз құрылған 600-ге жуық полигон бар.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО