Мүфтиді мемлекет тағайындай ма, әлде имамдар сайлай ма – сарапшымен сұхбат
Жақында Қайрат Жолдыбай Қазақстанның дін саласын бизнеске айналып кетті деп сынға алған еді
Жақында Нұр-Мүбәрәк мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбай қазақстандық YouTube арнасының біріне берген сұхбатында еліміздегі діни саясатты сынға алып, кейінгі Мүфтилерді мемлекеттің өзі тағайындағанын мәлім етті.
Осыған орай Azattyq Rýhy тілшісі белгілі дінтанушы, «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының» атқарушы директоры Балғабек Мырзаевтан еліміздегі діни саясат, Мүфтият қызметкерлері мен имамдарды тағайындаудағы зайырлылық қағидаттары қаншалықты сақталып отырғаны туралы сұрап білген еді.
– Қайрат Жолдыбай «Кейінгі Мүфтилер сайланған жоқ, мемлекет тарапынан тағайындалды» деді. Дін істері комитеті құрылған 2006 жылдан бастап 10 жылдай дін саласында лауазымды қызметтерді атқардыңыз. Тіпті бір жылдары Мүфтияттың орталық аппаратының басшысы да болдыңыз. Дін саласының белгілі сарапшысы ретінде осы мәлімдемеге қатысты не айтасыз? Шынымен де діни қызметті реттеуші мемлекеттік органның өзі зайырлылық қағидаттарын бұзып отыр ма? Мүфтияттың басшысын тағайындауға мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың араласуы құқыққа қарсы әрекет болып табылады емес пе!?
– Мұсылмандар алдында Мүфтияттың абыройын түсіріп алмау, жамағаттың ауызбіршілігі мен татулығын қамтамасыз ету Қазақстанның Бас мүфтиінің беделі арқылы ғана жүзеге асырылады. Елдегі ішкі саясаттың, оның ішінде зайырлылық қағидаттарын сақтау, дінаралық және этносаралық келісімді нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу секілді салаларда мемлекеттік саясаттың нәтижелі болуында Мүфтияттың орны ерекше және оны ешбір құрылым алмастыра алмайды. Осы орайда, әлемдегі елдердің қай-қайсысын алмасаңыз да мүфтиге қойылатын талаптар өте жоғары. Ал енді мүфтидің тағайындалу, сайлану мәселесіне келетін болсақ, уәкілетті мемлекеттік органдар мен оның лауазымды тұлғалар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасын ешқашан тағайындаған емес әрі оның сайлануына да тікелей араласа алмайды. Баршамызға белгілі, Мүфтияттың қазіргі басшысын үміткер ретінде ұсынған алдыңғы мүфти және оны Құрылтай делегаттары бірауыздан қолдап, белгіленген тәртіппен сайлаған еді. Дәл солай 2013 және 2017 жылдары Мүфтияттың төрағалары имамдардың өздерімен сайланды.
Заңнамаға және Мүфтияттың жарғысына сай төрағаны өңірлерден келетін Құрылтайға делегат болып қатысатын имамдар дауыс беріп, ашық түрде сайлайды. Сол сайлауға қатысатын имамдарға да ешқандай қысым жасалған емес. Яғни, осы бір үміткерді сайлауға дауыс бермесең қылмыстық қудалауға ұшырайсын, темір торға қамаймыз, әкімшілік жазаға тартыласың, отбасыңнан айрыласың, бала-шағаңды мектептен, оқудан шығарамыз, жақындарың мен туыс-туғандарыңа, достарыңа жамандық болады, қызметіңнен кетесің немесе мансабың өспейтін болады, бизнесіңді не тартып аламыз не жауып тастаймыз деген сияқты әрекеттер ешқашан жасалған жоқ. Ондайға жол берілмейді де. Тек осындай жағдай орын алғанда ғана мемлекеттік билік діни ұйымдардың ісіне араласты, басшыларын тағайындады деп толыққанды айтуға болады.
- Жауабыңыз арқылы Мүфтиятты толықтай қорғап отырсыз. Қазір мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқармайтыныңызды ескерсек, болашақта «пайдасы тиер» деп «аванс» ретінде жақтап отырған жоқсыз ба?
– Зайырлылық қағидаттарын бұзды деп айыптау нақты дәлелдер мен фактілер болмаса қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылыққа жатпайды. Оны да білуіміз керек. Біз кешегі Кеңес үкіметінде діни наным-сенімге рұқсат берілмеген заманда өмір сүрдік, ал қазір тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, зайырлы мемлекет құрудамыз. Осы орайда, болашағымыз жарқын болуы үшін тарихымызды, кешегі мен бүгінгі жағдайды саралап, елдің ішіндегі, сыртындағы қауіптерді, геосаяси мән-жайларды ескеруіміз қажет. Мұсылманмын деген әрбір азаматымыз жалаң ұранға, эмоция мен пиарға жол бермеуі керек. Сондықтан, зайырлылық қағидаттарын ұстануымыз өте маңызды болып табылады, бізде бұдан басқа жол жоқ. Жас ұрпаққа солай тәлім-тәрбие беріп, ұғындыруымыз қажет. Ал, «зайырлылық мемлекеттік органдар тарапынан бұзылып жатыр» деген мәлімдеме, тіпті оны мешіт мінберінен жамағатқа уағыз-насихат жүргізетін имамдарымыздың айтуы баршамызды алаңдатады.
Мәселенің алдын алмасақ, келешекте үлкен қиындықтарға әкелетіні белгілі. Сол себепті жіліктеп, объективті әрі бейтарап түрде түсіндіру менің азаматтық да, мұсылмандық та борышым деп білемін. Кейбір мемлекеттік лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерге баруына келетін болсақ, өкінішке орай солардың арасында өзінің жеке басының мүддесі үшін мемлекеттік қызметті пайдаланғысы келетіндері де жоқ емес. Олар «басшылық осылай шешті», яғни, «Мемлекет басшысы осындай тапсырма берді, Президент әкімшілігі айтты» деп өз шарауаларын реттей беруі әбден мүмкін. Оны кім тексеріп жатыр? Егер, Қайрат інім осыны айтқысы келген болса, онда оның жанайқайын түсінуге де, онымен келісуге де болады. Алайда, оны мемлекеттік органдардың шешімі, мемлекеттің ресми немесе бейресми саясаты деп қабылдауға болмайды. Себебі, ол билік атын жамылған кейбір тұлғалардың құйтырқы әрекеттері ғана болып табылады.
– Олай болатын болса, ертең біздің имамдарымыз «басшылыққа бағыну керек» деп, сырттан басқарылатын немесе қатерлі діни ағымдардың идеологиясына бүйрегі бұратындарды, я болмаса, жамағаттың шырқын бұзатындарды сайлап жібермесіне кім кепіл?
– Билік тарапынан, соның ішінде уәкілетті мемлекеттік лауазымды тұлғалар тарапынан Мүфтияттың төрағасына қандай да бір үміткер ұсынылсын деп қысым көрсітілмейді және ешбір имамға қандай-да бір үміткерді «Мүфти ретінде сайла» деп тапсырма берілмейтінін атап өттім. Мұны не үшін айтып отырмын? Өзім болайын, басқасы болсын, барша имамдар жауапкершіліктен қашып, кінәні өзімізден емес, біреуден көруді тоқтатып, ең алдымен кінә өзімізден екенін мойындауымыз қажет. Екіншіден, сіз айтқан жағдай болмас үшін Мүфтияттың жауапты әлеуметтік институт екенін ескерсек, имамдарымыздың арасында өзара ауызбіршілік пен жауапкершілік болуы тиіс. Ғұламалар кеңесі үміткерлерді сүзгіден өткізуі қажет. Яғни, барша Қазақ елінің мұсылмандарына Мүфти болатын тұлғаны өздері ұсынып, мәселені реттеулері керек. Сол арада тиісті алаңдар арқылы жоғары мемлекеттік лауазымды тұлғалардың да пікірлерін, ойларын, кеңестерін білуге болады. Өмірде түрлі жағдайлар кездеседі, оны біреу білсе, басқалары көрмей, естімей жатады. Сондықтан нақты уәждері мен фактілері болса айтсын, оларды міндетті түрде ескерген жөн. Оның үстіне Мүфтияттың халықпен, азаматтық қоғаммен, бизнес қауымдастығымен, басқа да діни ұйымдармен, шетелдік әріптестерімен қатар, мемлекеттік ұйымдармен де, олардың өкілдерімен де тығыз қарым-қатынас жасайтындығы анық. Міне, сол кезде ғана тиісті теңгерім сақталып, жауапкершілікті бірдей бөлісу болады. Осы механизмді Ғұламалар кеңесінің мүшелері, Мүфтияттың барлық имамдары мен ұстаздары түсінсе екен деймін. Біз басымыздан өткен тарихқа және геосаяси тұрғыдан болашаққа мұқият үңілетін болсақ, жалпы Орталық Азияда, оның ішінде Қазақ елінде мұсылмандардың арасында ауызбіршіліктің болмауына теріскейдегілер мен шүршіттер мүдделі екендігін айдан анық байқаймыз. Оны түсіну үшін саясаткер немесе саясаттанушы болудың қажеті жоқ. Осыдан он жыл бұрын діни қызметті реттейтін жаңа заң қабылданғанда, исламдағы кейбір діни жамағаттар Мүфтияттан бөлек діни бірлестік құрамыз деді. Сол кезде жағдайды ушықтырмай, діни ахуалды күрделендірмей, тезірек ретке келтіруіміз керек болды. Келіссөздер мен ортақ ымыраға келу арқылы туындаған мәселе дипломатиялық жолмен шешілген еді. Олай болмағанда, қазіргі жағдайымыз мүшкіл болар ма еді...? Сондықтан, «Қара шаңырағымызды» шайқалтпай, жамағаттың ауызбіршілігі мен татулығын қамтамасыз ету әрқайсымыздың міндетіміз деп білемін.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан