Аудан әкімдері қандай жағдайда жергілікті әкімдер сайлауына кандидат ұсына алады
Әкімдер сайлауын өткізуге шамамен 17,6 млрд теңге қажет
Бүгін Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров сайлауға қатысты заң жобаларын таныстырды. Вице-министрдің айтуынша, заң жобасы 67 түзетуден тұрады. Соның ішінде ауыл әкімі лауазымына кандидаттарға қойылатын негізгі талап – жасы 25-тен асқан ҚР азаматы, әрі сотталмаған болуы керек. Ал біліктілік талаптарына сәйкестігін арнайы тексеру анықтайды.
Заң жобасы бойынша ауыл әкіміне үміткерді мынадай тәсілдер арқылы ұсынуға болады: саяси партиялар өз мүшелерінің арасынан ұсынады немесе өз-өзін ұсыну жолымен. Өзін-өзі ұсыну үшін тиісті округтегі сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде 1 пайызының қолын жинау керек.
Аудандық маңыздағы қалалардың, кенттер мен ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін бұрын аудан әкімі ұсынып, оны мәслихат сайлайтын. Ал, бүгін таныстырылып отырған заң жобасы бойынша аталған лауазымды тұлғалар халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланады.
Алайда, лауазымды орынға ешкім өзін-өзі ұсынбай қалса және саяси партиялар ешбір кандидат ұсынбаған жағдайда, үміткерлерді аудан әкімі ұсыну жүйесі сақталады.
Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, әкімдер сайлауын өткізуге шамамен 17,6 млрд теңге қажет. Биыл соның ішінде 4,8 млрд теңге 800-ден астам әкімді сайлауға бөлініп отыр.