Қазақ тілі мәселесін әр басшы мекемесінде нақты іспен бекітіп отырғаны дұрыс - Төрегелді Шарманов
Академик 1970 жылдардағы жағдайды еске алды
Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов қазақ тілінің жайы үнемі күн тәртібінен түспейтінін айтты. Академиктің айтуынша, «Қазақ тілінің мәртебесін көтеру» ұранын әр басшы өзі басқаратын мекемесінде нақты ісімен бекітіп отырғаны абзал.
«Мысалы, мен Ақтөбе медициналық институтына ректор болып тағайындалған шағымда осындай қазақ ұлты қалың шоғырланған өңірде қазақ студенттерінің саны аз екенін көріп қайран қалдым. Жағдайды жөнге келтіруді дереу қолға алып, бұл көрсеткішті бір жыл ішінде 37 пайыздан 63 пайызға өсіруге атсалыстым. Жан-жақтан қазақтілді білікті мамандар жұмысқа тартылып, қазақ оқытушыларының саны 16-дан 23 пайызға артты», - деп жазды академик.
Қазақтың көпшілігі ауылды жерде қоныстанғандықтан, оларды емдеу мақсатында ауылға да көбінесе дәрігер болып баратын қазақ баласы.
«Осыны жан-тәніммен түсініп, жоғарыдан көрсетілген қысымды елеместен, жағдайды оңалтуға тырыстым. Бұл Кеңес Одағы тұсында, 1968-1969 жылдар аралығында болған жайт, қаншама қиындықтар мен кедергілерді жеңуге тура келді. Тілдік ортаны құру – тілді дамытудың басты шарты», - деп түсіндірді ғалым.