«Өзімді өртеуден басқа амалым жоқ»: елордада көпбалалы ана балаларының құқығын сотта қорғай алмай жүр
Ол қайтыс болған кәсіпкердің екінші әйелі болған
Астаналық көпбалалы ана Дана Асыми жалғыз асыраушысынан былтыр шілдеде айрылып қалған. Күйеуі танымал кәсіпкер Айдын Тұрғамбаев 2020 жылдың жазында коронавирус инфекциясынан қайтыс болған еді. Марқұм көзі тірісінде танысынан 84 млн теңге қарыз алып, қайтарып үлгермеген. Сот енді бұл ақшаны оның екі әйелінен қалған 9 бала мен заңды некедегі әйелінің және анасының мойнына іліп отыр.
Тоғыз баланың үшеуі бірінші әйелден болса, қалған алтауы екінші әйелі Дана Асымидан. Көпбалалы ана мұрагерлік дүние-мүліктің дұрыс бөлінбегенін, қарыздың үлкен бөлігі оның кішкентай балаларының мойнына ілініп кеткенін айтып әділдік іздеп жүргенде, осыдан бірнеше күн бұрын кенжесінен айрылып қалды. Үйде болған оқыс оқиғадан жасына толмаған нәресте шетінеп кеткен.
«2020 жылы 8 шілдеде менің алты баламның әкесі Айдын қайтыс болды. Мұрагерлікті бөлу ісі заңгер Жоламанова Салтанат Нығметқызының нотариусында ашылды. Маған Айдынның басындағы қарыздар туралы және оны төлемеген жағдайда болатын салдары туралы ең алғаш осы кісі ескертті. Өйткені, Салтанат Нығметқызы өзі Айдынның қарыз алу туралы нотариалды келісімшарттарын әзірлеген. Мен сот істерінен ешқандай хабарым я тәжірибем болмағандықтан, оның сөзіне күмәнданған жоқпын», - дейді Дана.
Айдын Тұрғамбаев пен Дана 20 жыл бірге тұрғанымен, екеуінің заңды некесі қиылмаған.
«19 жасымда мен Айдынмен таныстым. Оның жасы 21-де еді. Менің ата-анаммен танысып, алда сөз байласу болатыны жөнінде хабарлаған. Алайда, аяғым ауыр екенін білгенімізде, Айдын маған өзінің бұған дейін үйленгенін, заңды некеде әйелі бар екенін айтты. Әрине, менің төбемнен жай түскендей болды...
Айдын дүниеден озған соң, өтеп үлгермеген қарызы туралы маған нотариустан кейін оның туыстары және қарыз берген адамның адвокаты хабар берді. Олар бірауыздан «Айдынның қарызы сенің де қарызың. Тек балалар ғана емес, сен де жауаптысың. Сотсыз, ешқандай жариясыз ақшаны қайтару керек» деді олар», - дейді Дана.
Нотариуста жасалған келісімшарт бойынша, марқұмның қарызы – 84 млн тг.
«Заңгер мен нотариустың кеңесінен кейін мен балалардың мұрагерліктен бас тартуы мәселенің шешімі емес екенін түсіндім. Себебі, заң балалар жағында. Мұрагерлер әкесінің қарызын мұрагерлік масса шегінде кәмелет жасына толғаннан кейін өтейді екен», - дейді көпбалалы ана.
Дана Асыми балаларының әкесі өтеп үлгермеген қарыздан қашпайтынын, заң жүзінде төлейтінін айтты. Алайда, қарыз берген азамат оны сотқа беріп үлгерген.
«Қарыз беруші сотқа арызданған кезде судья заң бойынша бұл істі қаралымсыз қалдыруы тиіс еді. Себебі, мен жауапкер емеспін. Бірақ сот ісі қаралды, ол аздай, медиатор Баймурзина менің жеке мүлкіме тыйым салу туралы анықтама берді. Ол қаншалықты заңды? Менің мүлкімнің мұраға не қатысы бар? Медиатор сондай-ақ, балаларға мұрагерлік бойынша алуы тиіс мүлікке меншік құқығын тіркеуге тыйым салды. Біз бұл анықтамалар жөнінде 23 күннен кейін білдік. Жоғарыда айтылғандардың бәрі заңның өрескел бұзылуы», - дейді Дана Асыми.
Көпбалалы ана алдымен 84 млн теңге қарыздың дұрыс бөлінбегеніне наразы. Одан кейін кәмелетке толмаған балаларының құқығы қорғалмай отыр дейді.
«Судья Ордабаев бұл істі қарау барысында кәмелетке толмаған балаларымның құқығын бұзды. Оның шешімі бойынша әкесінің қарызының көп бөлігі кішкентай балалардың мойнына ілініп отыр. Сотқа қорғаншылық және қамқоршылық органының мамандары қатысқан жоқ. Балалар алдымен әкесінен қалған мүлкіне қол жеткізбей жатып, оның қарызын қалай өтейді? Оған менің мүлкімнің не қатысы бар?
Сот ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексі (АІЖК) 6-бабының (заңдылық) талаптарын, ҚР АІЖК 13-бабының (тараптардың теңдігі) талаптарын бұзды – бұл сот төрелігінің қағидаттары. ҚР АІЖК 47-бабының да талаптары бұзылды (жауапкер және талапкер). АІЖК-нің 63-бабы Нұр-Сұлтан қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасына сұрау салу бойынша адвокат дәлелдеме ретінде бұрын растаған құжаттар назарға алынбаған. АІЖК-нің 195-бабының талаптары бұзылған, адвокаттың дәлелдемелерді тану туралы өтінішхаттары қаралмаған. Шешім ҚР АІЖК-нің 224-225-бабының талаптарын бұза отырып шығарылды (шешімге қойылатын талаптар)», - деді көпбалалы ана.
Дана Асыми бұл заңсыздықтар моральдық тұрғыда да әбден шаршатқанын айтады. 23 наурыз күні ол әлі жасына толмаған алтыншы баласынан айырылды. Енді әйел сотта 5 баласының құқығын қорғауға мәжбүр.
«Балаларымның әкесі Бурабайдағы Green Park Burabay қонақ үйінің иесі еді. Оның алғашқы кірпіші салынғаннан бастап, әлеуметтік желілердегі жарнамаларына дейін бірге жүргіздік. Бесінші ұлымның тұсауын осы қонақ үйде кестік. Айдынның бұл бизнесінен басқа оның шоттарында қанша ақша болғанын білмеймін. Артында қалған елордадағы ең қымбат үйлердің алғашқы бестігіне кіретін коттеджі заңды әйеліне қалды. Оған мен таласып отырған жоқпын. Бар болғаны балаларымның құқығы шектелмесе болғаны. Соттың әділ шешіміне жетпесек, бәрі заң аясында шешілмесе, маған Бас прокуратураның алдына шығып, өзімді-өзім өртеу ғана қалды. ҚР Неке және отбасы, кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты, мұрагерлік туралы заңдар аясында шешілгенін қалаймын», - дейді ана.
Әділ сот шешіміне жете алмадым деп ашынған көпбалалы ана Елбасы, Бас прокуратура және Жоғарғы Сотқа ашық хат жазу туралы шешім қабылдады.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан