Қазақстанның әуе компаниялары 10 айда 7,1 млн жолаушы тасымалдаған

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан Республикасының әуежайлары биылғы жылдың 10 айында 14,8 млн жолаушыға қызмет көрсетті

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның әуе компаниялары 10 айда 7,1 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл мәліметтерді әлеуметтік желіде Азаматтық авиация комитеті таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Комитет таратқан ақпараттарға қарағанда, 7 желтоқсан бүкіл әлемде Халықаралық азаматтық авиация күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке ИКАО-ның 50 жылдығын мерекелеуге байланысты 1994 жылы құрылды. 1996 жылы ИКАО-ның бастамасымен БҰҰ Ассамблеясы БҰҰ жүйесінің аясында 7 желтоқсанды Халықаралық азаматтық авиация күні деп ресми жариялады. 

Халықаралық азаматтық авиация күнін мерекелеудің мақсаты - мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы халықаралық азаматтық авиацияның маңыздылығы туралы бүкіл әлемдік хабардар болуды қамтамасыз ету және арттыру.

«Біздің мемлекет 1992 жылы Чикаго конвенциясын ратификациялау арқылы ИКАО-ның толыққанды мүшесі болды. Қазіргі уақытта 191 мемлекет ИКАО-ға мүше. Өткен жылы Қазақстан авиаторлары жолаушылар ағынының теңдессіз өсу көрсеткішімен жұмыстың жоғары нәтижелерін көрсетті - ағымдағы жылғы 10 айда қазақстандық әуе компаниялар 7,1 млн. жолаушыны тасымалдаған болатын. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 6% - ға артық (6,7 млн. жолаушы). Қазақстан Республикасының әуежайлары ағымдағы жылдың 10 айында 14,8 млн. жолаушыға қызмет көрсетті, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9% - ға артық (13,6 млн. жолаушы)»,-делінген хабарламада. 

Сондай-ақ хабарламада соңғы 7 жылда транзиттік жолаушылар саны 45 есеге артқандығы айтылады. Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында транзиттік әуе жолаушылар саны 852 мың адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 11% – ға артық (2018 ж. - 765 мың) және жыл соңына дейін 1 млн. астам транзиттік әуе жолаушыға жеткізу жоспарлануда. 

Бүгінгі күні ИКАО стандарттарына сәйкес ұшу қауіпсіздігі деңгейі бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында 74% көрсеткішімен үшінші орында тұр.