Еңбек министрлігі зейнетақыға үстемеақы төленетіні жайлы ақпаратты жоққа шығарды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда зейнетақы үш бөліктен тұрады: базалық, ортақ және жинақтаушы

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Мамыр айында Қазақстандағы зейнеткерлердің барлығы зейнетақыға 40 мың теңге мөлшерінде үстемеақы алатыны туралы хабарла тарады. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған-мыс.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіндегілер бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде мамыр айынан бастап зейнетақыға 40 мың теңге мөлшерінде жаңадан үстемеақы төленетіні туралы таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы заңнамада зейнетақыға үстемеақы мен қосымша ақы төлеу қарастырылмаған. Қазір зейнетақы үш бөліктен тұрады: базалық, ортақ және жинақтаушы зейнетақы», – деп түсіндірді ведомстводағылар.

Бүгінде зейнет жасына толған қазақстандықтардың мынадай төлемдерге құқығы бар:

  • зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты (1998 жылға дейін де, осы күннен кейін де) зейнетақы жасына жеткен барлық адамдарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-дан 100% дейінгі мөлшерде берілетін базалық зейнетақы төлемі);
  • 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 6 ай еңбек өтілі болған кезде ынтымақты зейнетақы (мөлшері еңбек өтіліне және зейнетақы алдындағы кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты);
  • қалыптастырылған зейнетақы жинақтары есебінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері (олар таусылғанға дейін).